Маңғыстауда солдатты тапаншамен бетінен атқан взвод командиріне үкім шығарылды
Маңғыстау облысында әскери борышын өтеп жүрген солдат Марат Барқұловты бетінен атқан лейтенант Дамир Досов 13 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бүгін Астанада әскери сот осындай үкім шығарды. Сонымен қатар, Досов әскери жауынгерлік дәрежесінен айырылып, қаза болған солдаттың анасына 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
«Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотта адам өлтіргені үшін айыпталған Д. аты лейтенатқа қатысты қылмыстық іс қаралды», – делінген хабарламада.
Соттың дерегінше, взвод командирі Дамир Досов былтыр қыркүйек айында сағат 17:00-де өзіне сеніп тапсырылған ПМ тапаншасымен қатардағы жауынгер Б. атып тастаған. Жарақат алған Барқұлов артынша қаза болған.
«Сотталушының кінәсі оқиға орнындағы бейнежазбалар, куәгерлердің берген куәлігі және сараптама қорытындысы арқылы дәлелденді», – деп хабарлайды әскери сот.
Алайда, сотталушы өзінің кінәсін ішінара ғана мойындап отыр. Оның айтуынша, марқұмды өлтіру ниеті болмаған, қаруды байқаусызда атып жіберген.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 13 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесуді сұраған болатын. Жәбірленуші тарап, барынша қатаң жаза қолдануды сұрады.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Мұның алдында Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында өтіп жатқан әскери оқу-жаттығу қаруды пайдалану ережесі өрескел бұзылып, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқаратын сарбаз Марат Барқұловтың мерт болғанын жазған едік.