Мемлекетке қайтарылған 10 актив сатылымға шығарылды
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер сатылымға шығарылып жатыр. Олардың ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі (ЖШС) үлестер, тұрғын емес ғимараттар, жер учаскелері және өзге де жылжымайтын мүлік бар.
E-Qazyna порталында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бұл активтер 2025 жылы 5 ақпанда сағат 10:00-де сатыла бастамақ. Саудаға 10 қайтарылған актив шығарылған.
Айталық, Алматы облысы Жамбыл ауданы Сарытауқұм ауылдық округіндегі 1400 га жер телімінің бастапқы бағасы 106 021 787 теңге деп белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, бұл ауылдық округте 178 763 002 теңгеге тағы да 2400 га жер сатылмақ.
Алматы қаласының іргесіндегі Қарасай ауданы Шамалған ауылында 142,92 га жер учаскесі 127 861 494 теңге деп бағаланған.
Сонымен қатар, Алматы облысы Жамбыл ауданы «Құрты» ӨК-те 50 га жердің бағасы бұл тізімде 51 533 631 теңге деп көрсетілген. Ал Теміржол ауылдық округінде 964 га жердің бастапқы бағасы – 751 842 251 теңге.
Саудаға Алматы қаласындағы бір тұрғын емес ғимарат шығарылмақ. Мекенжайы – Көктем-2 ықшамауданы, 22 үй. Бағасы – 4 377 184 000 теңге. Байтақ ықшамауданындағы 1287Б учаскесінің саудасы 1 832 264 555 теңгеден басталмақ.
«Тұлпар» ЖШС-дегі үлес – 991 469 139 теңгеге, «ZHARKENT SU» ЖШС-593 139 151 теңгеге саудаланбақ.
Сондай-ақ, Астана қаласындағы Қайым Мұхамедханов көшесінде орналасқан 17-үй 84 584 305 теңгеге сатылмақ.