Өзбекстанда мас күйінде қайта көлік жүргізген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ
Өзбекстанда мас күйінде қайта көзге түссе және жүргізуші құжатынан айырылса да, көлік жүргізген адам қылмыстық жазаға тартылады.
Жазықтылар 3 жылға дейін бас бостандығын айырылуы мүмкін. Бірінші рет ішімдік ішіп алып, рульге отырғандар айыппұлмен құтылады.
Өзбек ақпарат құралдарының хабарлауынша, сенаторлар жол ережесін қатаңдататын заңды мақұлдаған.
Өзбекстан сенатының қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Кутбидин Бурхановтың айтуынша, елде жол апаты көбейген. Оның негізгі себептері – азаматтардың заңды бұзуы және жол ережелерін білмеуі.
Сенат мәліметінше, Өзбекстанда 2021 жылы мас күйінде көлік жүргізген 40 542 адам, 2022 жылы – 47 365, 2023 жылы — 41 866, 2024 жылы 31 436 адам ұсталған.
«2024 жылы 8 000 көлік жүргізушінің, әкімшілік жазаға тартылса да, екінші мәрте мас болып рульге отырғаны анықталды», – дейді сенатор.
Өзбекстанда 2020 жыл мен 2024 жылдың аралығында мас күйінде көлік жүргізудің кесірінен 600-ге жуық жол апаты болып, 322 адам опат болған.
Қазіргі кезде ішімдік ішіп рульге отырғандарға 9,37 млн сум (375 мың теңге) көлемінде айыппұл салынып, 1,5 жылдан 3 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Сенат бұл айыппұлды 15 млн сумға (600 мың теңгеге) дейін көбейтпек.
Куәлігінен айырылса да, көлік жүргізген адамға 18,75 млн сум (750 мың теңге) айппұл салынып, 15 тәулікке қамалмақ.
Қазақстанда 2024 жылы жол-көлік оқиғалары 2022 жылға қарағанда 90%-ға артқан. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеген еді. Елімізде 2023-2022 жылдары 13 мың, 2021-2020 жылдары 12 мың жол көлік оқиғасы тіркелген.