Қазақстандық 10 жаңа фильм прокатқа шығады
Жақында қазақстандық 10 жаңа фильм прокатқа шығады. Ұлттық кино орталығының хабарлауынша, бұл фильмдерде жас ұрпақтың тәрбиесіне ықпал ететін, көрерменге ой салатын құнды идеялар бар.
Атап айтқанда, «Капитан Байтасов» кинокартинасы 2011 жылы Тараздағы терактіде қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа арналады. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» фильмі көрермендердің көңілінен шығуы тиіс.
«Ал «90+1» фильмі жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады. Бұдан бөлек, «Осенний бриз», «Фейковый арман», «Qaitadan», «Тезек», «Қара қыз», «Алтын адам», «Ароматное сердце» және «Әбіл» фильмдері кинотеатрларда ұсынылады», – деп хабарлады Ұлттық кино орталығы.
Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, кино – жай ғана өнер емес, ұлттық идеология құралы.
«Ең алдымен, мемлекет қаржысына түсірілген кинода қоғамға қажет құндылықтар дәріптелуі тиіс. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та киноиндустрияны мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономиканың жеке тармағы ретінде қарастыруды тапсырды. Киноны дамыту үшін жаңаша көзқарас, тың серпін қажеттігін алға тартты», – деді Құрманбек Жұмағали.
Оның пікірінше, түсірілім барысында осы дүниелер ескерілген.
Сонымен қатар, наурыз айында Кино орталығы жаңа киножобалар байқауын жарияламақ.
«Биыл фильм түсіруге арналған басым тақырыптар легі жарияланды. Оның ішінде ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік, тарих, тағылым, білім, отбасы секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Бұған қоса жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамдарының ерлігі де басым тақырыптар қатарында. Толыққанды тізім Кино орталығының ресми сайтында қолжетімді», – делінген орталықтың хабарламасында.
Айта кететін жайт, былтыр мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу ережесіне өзгеріс енгізілді. Оған сай, байқаудың алғашқы кезеңінде сценарийлер қабылданып, үздіктері іріктеліп, сараптама кеңесіне жіберілмек. Киногерлердің сценарийін жазуға әлі 2 ай уақыты бар.