Ресей Қазақстаннан астық транзитін арзандатуды талап етпек
Ресейдің ауыл шарушылық министрлігі Қазақстанмен келіссөз жүргізіп, ресейлік астықты жергілікті бағамен тасымалдауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Мәскеуде өткен «Ресейде шағын агробизнесті дамыту» форумында солтүстік көршіміздің ауыл шаруашылық министрі Оксана Лут мәлімдеген.
Крестьянские ведомостидің хабарлауынша, ресейлік шенеунік теміржол арқылы оңтүстіктегі нарыққа шықпақ.
«Бізде Қазақстан бар, оңтүстік нарық бар. Оған теміржол арқылы шығуға болады. Қазір біз мұны аз ғана көлемде жасап жатырмыз. Өйткені, транзит тарифі өте жоғары. Біз транзиттік тарифтерді қазақстандық резиденттерге арналған тарифке дейін түсіруге келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді Оксана Лут.
Оның айтуынша, сонда ресейліктер тең бәсекелестікті артықшылыққа ие болмақ. Министр бұл мәселені биыл шешілетінін айтқан.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ресейлік трейдерлермен жұмыс істеуге мүдделі. Себебі, қазақстандықтар астығын ресейлік порттар арқылы тасымалдай алады.
«Бұл жақсы. Олар да 2028 жылға қарай экспортын 2 есеге дейін ұлғайтады. Олар да бізбен жұмыс істеуге мүдделі», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан өткен маусымда көп астық орған. Сондықтан импорттауға салынған тыйымды алып тастаған.
«Ештеңе ол жаққа барған жоқ. Өйткені, баға тым төмен. Оларда арзан болса, біздің астығымыз неге керек?» – деді ресейлік шенеунік.
Мұның алдында Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесі қазақстандық астықтан «зиянкестер» табылғанын алға тартып, ресейлік порттар арқылы транзитке наразылық білдіріп, шектеулерді сақтауға шақырған болатын.