Telegram арқылы тарайтын Mamont вирусы ресейліктерді алаңдатып отыр
Ресейде Telegram арқылы Mamont вирусы тарап жатыр. Қаскүнемдер құрбандарына бейнежазба жіберіп, астына «видеодағы сен бе?» деп хабарлама жазады.
Киберполиция ескертуінше, файлды ашса, вирус телефонға кіріп, мәліметтерді ұрлайды. Зиянды файл автоматты түрде бүкіл контактілерге жіберіліп, таныстарыңызды да алдап соғады.
Ресейдің құқық қорғау органдарының хабарлауынша, бұл вирус push-хабарлама, СМС-ті оқиды. Фотосуреттерге қол жеткізеді. Әрине, басты нысан – төлем жүйесі.
«Telegram мессенджерінде apk кеңейткіші бар зиянды бағдарламалық қамсыздандыру таралып жатыр. Әртүрлі азаматтарға, соның ішінде әскери қызметкерлерге де жіберіледі», – делінген хабарламада.
2025 жылы 24 қаңтарда Telegram арнасында ақау шығып, Ресейдің жиырма шақты өңірінде ашылмай қалған болатын.
Мұның алдында Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелге сапарға шыққан қазақстандықтарға Telegram және WhatsApp чаттарында жиі кездесетін алаяқтықтың жаңа тәсілдерінен сақ болуға шақырған болатын.
Полицияның ақпаратына қарағанда, алаяқтар қазақстандық азамат ретінде чаттарға қосылып, валюта айырбастауды ұсынады. Шарттары өте тиімді. Бірақ криптовалюта сатумен айналысатын адамдардың немесе дроптардың шоттарын жіберіп, ақыры сан соқтырып кетеді.