Елімізде жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі Жасанды интеллект және инновацияны дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов мәлімдеді.
«Заң жобасы жайлы депутаттар тарапынан ұсыныс түскен. Қазір ол құжатты талқылап жатыр. Заң жобасында этикалық қағидалар, ЖИ негізінде жасалған өнімдерге белгі қою және басқа да механизмдер қарастырылады. Әрине, түсінуіміз керек, соншалықты қатты қысып жіберуге болмайды, себебі бұл сала әлі жаңа», – деді Ғиззат Байтұрсынов.
Оның айтуынша, заң жобасында ЖИ жұмысын бақылап отыратын және ЖИ-ді пайдалануда белгілі бір талаптар қойылатын салалар болады. Әзірге нақты қандай салаларға қатысты екені айтылмады.
Осыған дейін Энергетика министрлігі Отын-энергетика кешенінің ахуалдық талдау орталығын іске қосып, оның ЖИ арқылы жұмыс істейтінін хабарланған. Жаңа EnergyTech жүйесі энергия ресурстарын, қуат көздерін қадағалауға көмектеседі.
ЖИ-дің көмегін Үкімет те өз жұмысында пайдаланып жатыр. Өткен жылдың соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мемлекеттік қызметті цифрландыруға көшетінін хабарлаған. Оның сөзінше, ЖИ қосылса, бір-бірін қайталап, қажетсіз функацияларды атқаратын штат орындары қысқаруы тиіс.