«Теңізшевройл» келешек кеңею жобасы аясындағы мұнай өндірісіне кірісті

Жарияланды
Теңізшевройл
«Теңізшевройл» келешек кеңею жобасы аясында мұнай өндірісі басталды / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Теңізшевройл» үшінші буындағы жаңа зауытының жұмысын бастап, мұнай өндірісіне кірісті. Бұл еліміздегі мұнай саласындағы елеулі оқиғалардың бірі деп жазады компания сайты.

«Теңізшевройл» Келешек кеңею жобасы (ККЖ) аясында Теңіз кен орнында салынған үшінші буындағы зауытында (ҮБК) шикі мұнай өндірісін бастайды. Енді Теңіздегі мұнай көлемі жылына 12 млн тоннаға дейін көбейеді деген жоспар бар. Ал зауыт толық қуатына шыққанда шикі мұнай өндірісінің жалпы көлемі жылына 40 млн тоннаға жетеді.

«Болашақ кеңею жобасының сәтті іске асуы масштаб пен жаһандық қиындығы жағынан маңызды жетістік деп саналады. ККЖ Қазақстан үшін де, акционерлер үшін де қосымша құндылығы бар. Біз ҚР Үкіметіне, акционерлерімізге, мердігер компанияларға, талантты да білікті кадрларымызға және басқа да қызығушылық танытқан тараптарға осы маңызды белеске жету жолында қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз», – деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.

Оның айтуынша, ККЖ аясында «Теңізшевройл» жергілікті тауар мен қызметті сатып алуға 19,5 млрд доллар инвестиция салып, 1250 қазақстандық компаниямен келісім-шарт жасаған. 90 000-ға жуық жұмыс орындары ашылды.

«Теңізшевройлдың» Келешек кеңею жобасы 2022 жылы іске қосылуы керек еді, бірақ бірнеше рет кейінге қалдырылды. Соңғы рет компания өкілдері жобаны 2025 жылдың бірінші тоқсанында іске қосамыз деп уәде берген.

Бұған дейін ұлттық экономика министрлігі егер Теңіздің жаңа жобасы іске қосылса, ел қазынасына 900 млрд теңге көлемінде қаражат құйылады деп мәлімдеген еді.

«Теңізшевройл» – қазақстандық мұнай-газ саласындағы ең алпауыт компанияның бірі. 1993 жылы Қазақстан үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасында құрылды. Жоба акционерлері – «Шеврон» компаниясы (50%), «ҚазМұнайГаз» АҚ (20%),ExxonMobil Kazakhstan Ventures (25%) және «Лукойл» (5%).

Сондай-ақ оқыңыз