Алматы әуежайында көлік тұрағының тарифтері қымбаттамайтын болды
Алматы халықаралық әуежайында автотұрақ тарифі көтерілмейтін болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті Алматы халықаралық әуежайына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескерту жасады.
Агенттіктің мәліметінше, ескертуге мегаполистегі халықаралық әуежайының 2025 жылы 1 қаңтардан бастап автотұрақ қызметіне бағаның өсетінін хабарлауы себеп болған.
«Монополияға қарсы органның уақтылы іс-қимылының арқасында Алматы халықаралық әуежайы тұрақ бағасын көтеру жоспарынан бас тартты. Бұл жолаушыларға қосымша қаржылық жүктемені болдырмады»,- делінген хабарламада.
Еске салсақ, былтыр 12 желтоқсан күні Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі көлік тұрағы үшін тарифтер қымбаттайтынын мәлімдеген болатын. Әуежай тарифтерді тұрақ қызметін жақсарту мақсатында көтеретінін хабарлаған. Тарифтерді арттыру есебінен әуежай басшылығы көлік тұрақтарын жаңаратып, келушіге барынша ыңғайлы жағдай жасаймыз деп мәлімдеген еді.