Жаңалықтар

Ақтау маңындағы ұшақ апатының алдын ала себебі келесі аптада белгілі болады

Қанат Бозымбаев: «интернетте тараған нұсқа мен қара жәшіктегі» мәлімет арасында үлкен айырмашылық бар / Фото: kursiv.media архиві

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозамбаев Ақтаудағы ұшақ апатының алдын-ала себептері келесі апта жарияланатынын мәлім етті. Қара жәшіктегі мәліметтер тарап кетті деген ақпаратқа қатысты да пікір білдірді.

Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр. Көлік министрлігі жанынан арнайы топ құрылған. Оның құрамында Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Бразилияның сарапшы мамандары бар. Сондай-ақ бұл құрамға ICAO тарапынан Нидерланд елінің бір өкілі қосылған.

 «Олар қазір қара жәшіктің дыбыс жазбаларын қарап жатыр. Ұшақтың режимдерін қарап, соларды сәйкестендіріп жатыр.  Әрине, ол біраз жұмыс. Өйткені оның барлығын дәлелдеу үшін салыстыра отырып тексеру жасайды. Солардың дауысы ма, әлде басқа адамдардың дауысы ма деген сияқты. Кімнің қай минутта, қай секундта не айтқанын, қімнің қандай команда бергенін жіті тексереді»,—  деді Қанат Бозымбаев.

Бозымбаевтың сөзінше, ICAO-ның талаптарына сәйкес әуе апатының алдын-ала себептері бір айдың ішінде жариялануы тиіс.

Бәрін келесі аптада бітіреді деп ойлаймын. Аяқтайтын сияқты. ICAO-ның ұсыныстарын ескерсек, келесі аптада Көлік министрлігі ақпаратты жариялайтын болады,— деді Үкімет басшысының орынбасары.

Вице-премьер экпипаж бен диспетчерлер арасындағы әңгімелерге қатысты тараған ақпаратқа да пікір білдірді. Бозымбаев «интернетте тараған нұсқа мен қара жәшіктегі» мәлімет арасында үлкен айырмашылық барын айтады.

«Интернетте біреу жариялаған нәрсе – бұл шындық дегенді білдірмейді. Жарияланған мәліметтер мен қара жәшік жазбаларының арасында үлкен айырмашылық бар,» – деп мәлімдеді вице-премьер Қанат Бозымбаев.

Апатта қаза болғандардың отбасыларына қандай көмек берілді?

Үкімет басшысының орынбасары ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік көмек тиісті деңгейде жасалғанын да айтып өтті. Бүгінге дейін қаза тапқан 6 адамның жанұясына 5 миллион теңгеден әлеуметтік көмек берілген.

«Әлеуметтік көмек көрсетілді, әрбір отбасыға тиісті сомасы төленді. Қаза тапқан отандастарымыздың отбасына 5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек ретінде төленді. Бұдан бөлек, жерлеу рәсімі, басқа да мәселерді біздің әріптестеріміз, әкімдер жүктелген міндетті атқарды. Демеушілердің арқасында  келесі апта тағы көмек көрсетеміз деп ойлаймын. Әзірге нақты қандай, қанша мөлшердегі көмек екенін айта алмаймын. Белгілі болғанда ресми хабарлаймыз«,- деді Қанат Бозымбаев.

Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының қара жәшігі тергеу тобында екенін де атап өтті.