Әскерилерге ақшалай төлемді бұйрықпен шектеу Конституцияға қайшы деп танылды
Конституциялық сот әскери қызметшілерге ақшалай қамтамасыз ету төлемдерін бұйрықпен шектеу Конституцияға сай емес деп таныды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Қандай заңдар зерделенді
Конституциялық сот Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы азаматша жолдаған өтінішті қарап, төмендегідей заң мен бұйрықтарды зерделеген:
- «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 21-бабының 5-тармағының 3) тармақшасын;
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызметті өтеу Ережесінің 64-тармағын;
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы №255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай қамтамасыз ету, жәрдемақылар және басқа да төлемдерді төлеу қағидаларының 26-тармағы мен 30-тармағының екінші бөлігін.
Әскери қызметші қандай өтінішпен жүгінген
Өтініш беруші басшылыққа әскери қызметтегі жағдайдың шекті жасының келуіне байланысты «Әскери қызмет туралы» заң негізінде еңбек сіңірген жылдары бойынша жұмыстан босату туралы өтінішпен екі рет жүгінген. Алайда оған қатысты қылмыстық іс жүргізілуіне байланысты ол тергеу аяқталғанға дейін бөлім командирінің қарамағына алынып, кейін теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде оның басқа ақылы қызметпен айналысуға құқығы болмаған және бұйрықпен бекітілген қағидалар негізінде оған ақшалай төлем төленбеген.
Өтініш берушінің пікірінше, аталған нормалар бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде оның еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін және ақшалай төлем (жалақысын) алуға конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.
Конституциялық соттың шешімі:
Конституциялық Сот «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңға сәйкес ең шекті жасқа жеткен әскери қызметшіге әскери қызмет мерзімін ұзарту тек оның баянаты негізінде немесе жұмылдыру, әскери жағдай немесе соғыс уақытында ғана мүмкін болатындығын атап өтке. Әскери қызметте болудың шекті жасын ұлғайту және әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін өзге негіздер заңда көзделмеген.
«Конституциялық сот әскери қызметшілерге әскери қызметті лауазымдық қызметтерден тыс кезеңде өткерген уақытта ақшалай қамтамасыз ету төлемдерін Қорғаныс министрлігінің бұйрығы деңгейінде шектеу Конституцияға сай емес деп шешім қабылдады. Конституция еңбекке ақы төлеу құқығын, ең төменгі жалақы, зейнетақы, заңды негіздермен әлеуметтік қамтамасыз ету кепілдіктерін және құқықтарды тек заңдармен ғана шектеуді қарастырады» делінген сот хабарламасында,
Ескерте кетейік, бұған дейін Конституциялық сот «әкімдіктер бейбіт жиналыс өткізуден бас тарта бермей, басқа орындар ұсынуы керек деген» шешім шығарған.