«Гренландияны бермеген жағдайда экономикалық қысым көрсетемін». Трамп Данияны қорқытты
АҚШ президенті Дональд Трамп Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен телефон арқылы Гренландия тақырыбында агрессивті әңгіме жүргізген деп жазады Financial Times.
Трамп Гренландия сатылмаған жағдайда Данияға жоғары кедендік баж салығын енгізетінін ескерткен.
Трамптың талаптары мен Данияның жауабы
Financial Times ақпаратынша, Трамп өткен аптада Фредериксенмен телефон арқылы сөйлесіп, Гренландияны сатып алуды шынымен ойлап жүргенін айтқан. Басылымның дерегі бойынша, әңгіме 45 минутқа созылып, Трамптың риторикасы қатты және қарсыласуға бейім болған.
Фредериксен Трампқа Гренландия сатылмайтынын әрі Данияға тиесілі автономды аймақ екенін ашық жеткізген. Сонымен қатар ол АҚШ пен Дания арасындағы әскери базалар мен пайдалы қазбаларды игеру саласындағы ынтымақтастықты арттыруды ұсынған.
Еуропалық шенеуніктердің пікірі
ЕО-ның жоғары лауазымды шенеуніктері әңгіме өте сәтсіз өткенін мәлімдеген. Олар Трамп агрессивті әрекет еткенін, Данияға қысым көрсетуге тырысқанын растаған. Дат шенеуніктерінің бірі Трамп Данияға арнайы шаралар қабылдайтынын айтып, Гренландияны сатпаған жағдайда белгілі бір тауарларға кедендік баж салығын көтеру туралы ескерту жасағанын жеткізген.
Трамптың Гренландияға қатысты ұстанымы
Трамп Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды деп санайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ол Қытай мен Ресейдің белсенділігін атап өтіп, Гренландияның стратегиялық маңыздылығын атап өткен. Бірінші президенттік мерзімінде Трамп Гренландияны сатып алу туралы ұсыныс жасаған, бірақ Копенгаген оны «абсурд» деп қабылдаған.
Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде арал тұрғындары тәуелсіздікке ұмтылатынын және америкалық немесе дат азаматтығына қызықпайтынын бірнеше рет айтқан. Дегенмен ол америкалық бизнеске пайдалы қазбалар мен туризм саласына инвестиция салуға қызығушылық танытуын қолдайтынын жеткізген.
Бұған дейін Трамп Гренландия аралы мен Панама каналын күшпен басып алуы мүмкін екенін айтқан.
Сондай-ақ Трамп көз тігіп отырған Гренландияның экономикалық, климаттық әрі геосаяси маңызы зор екенін жазғанбыз.