Ресейдегі тергеу AZAL ұшағына зымыран соққы жасағанын растады – әзербайжандық БАҚ
Ресейлік тергеушілер «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясына тиесілі 8243 рейсінің ұшағын «Панцирь-С1» әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін растады деп хабарлады Anewz.tv басылымы дереккөздер ақпаратына сүйеніп.
Басылым ресейлік дереккөздерден алынған жаңа мәліметтер ұшақ Сириядан Ресейге жеткізілген «Панцирь-С1» әуе қорғаныс жүйесімен атып түсірілгенін көрсеткенін жазды.
«Сенімді дереккөздердің хабарлауынша, ресейлік лауазымды тұлғалар әуе апатының алдында Әзербайжан ұшағына қарсы радиоэлектронды күрес жүйелері қолданылғанын анықтаған, бұл ұшақ басқару жүйелерінде айтарлықтай ақауға әкелген. Тергеу барысында зымыранды ұшыруға жауапты адам мен бұйрық берген шенеунік анықталды. Бірақ Мәскеу олардың есімдерін жариялай ма, әлде жауапкершіліктен жалтаруға тырыса ма, ол жағы белгісіз болып қалуда», – делінген басылым ақпаратында.
Бакудің нақты ұстанымы
Дипломатиялық дереккөздер Әзербайжан бұл істі жабуға жол бермейтінін және кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын қатаң талап ететінін растаған. Егер Ресей жауапкершіліктен жалтарса, Баку халықаралық соттарға жүгінуді жоспарлап отыр.
Басылым ақпаратынша, дереккөздер мәліметі Әзербайжанның апат себебін сыртқы жарылыс деп көрсеткен бастапқы қорытындыларымен сәйкес келеді.
«Оқиға орнынан алынған жоғары сапалы суреттер мен криминалистикалық талдау зақымдану зымыран соққысына сәйкес келетінін көрсетті», – деп жазды Anewz.tv.
Бұған дейін, Ақтау маңындағы ұшақ апатының алдын ала себебі келесі аптада белгілі болатынын хабарлағанбыз.
Айта кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines компаниясының Баку-Грозный рейсін орындауға көтерілген Embraer ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Апаттан 38 адам қаза тауып, 28 адам аман қалды. Әзербайжан тарапы апатқа әуе кеңістігін жаппаған Ресейді кінәлайды.