Трамптың кезекті жеңісі: Пентагонның жаңа басшысы бекітілді, ол бұрынғы тележүргізуші
Бұрынғы тележүргізуші Пит Хегсет жұма күні аз ғана басымдықпен жеткілікті дауыс жинап, АҚШ-тың келесі Қорғаныс министрі – Пентагон басшысы атанды. Бұл президент Дональд Трамп үшін демократтар мен кей республикалықтардың қарсылығына қарамастан, даулы кандидатурасын бекіттіре алған үлкен жеңіс болды деп жазды Reuters.
Хегсеттің кандидатурасын сенаттың жартысы қолдап, жартысы қарсы шыққан. Шешуші дауысты сенат төрағасы, вице-президент Дж. Д. Вэнстың даусы шешіп кетті.
Fox News-тің бұрынғы жүргізушісі Хегсет Пентагонға айтарлықтай өзгеріс енгізуге уәде беріп отыр. Алайда оның басшылығы біліктілігіне, мінез-құлқы мен әйелдердің әскери қызметке қатысуы туралы көзқарасына байланысты қатаң бақылауда болмақ.
«Бізде бұрын соңды Хегсет сияқты Қорғаныс министрі болған емес», – деді Техас университетінің тарих профессоры және президенттік саясат саласының маманы Джереми Сури.
Reuters Трамп өзінің таңдауын батыл қорғап, әріптес-республикалықтарға 44 жастағы жүргізушіні қолдау үшін қысым жасағанын жазды.
Джереми Сури бұл Трамптың Республикалық партия мен Сенат мүшелеріне ықпалын көрсеткенін атап өтті.
Хегсет – АҚШ қарулы күштеріндегі ең жоғары лауазымға ұсынылған ең даулы кандидаттардың бірі. Бұл лауазымды дәстүрлі түрде ірі ұйымдарды басқарған, үлкен тәжірибесі бар әрі үлкен партияаралық қолдауға ие адамдар атқарған.
Бұрынғы тележүргізуші 1,3 миллион әскери қызметкерден, 1 миллион азаматтық қызметкерден тұратын жылдық бюджеті шамамен 1 триллион долларды құрайтын құрылымды басқарады. Хегсет бұған дейін басқарған ең үлкен ұжым 100 адамнан тұрып, ең үлкен бюджеті 16 миллион доллар болған.
Бұған дейін, Трамп өзін құтқарған оққағарды АҚШ құпия қызметінің басшысы етіп тағайындаған.