2025 жылғы 25 қаңтарда «QAZAQSTAN RUGBY» заңды тұлғалар бірлестігінің кезектен тыс жалпы жиналысы барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев федерацияның жаңа президенті болып сайланды деп хабарлады министрлік.
Министрлік Қанат Шарлапаевтың тағайындалуы Қазақстанда регбиді танымал ету, жастарды осы спорт түріне тарту және регби қауымдастығында Қазақстанның халықаралық мәртебесін нығайту үшін жаңа перспективалар ашатынын айтады.
Қауымдастық Қанат Шарлапаевтың жетекшілігімен төмендегідей іс-шараларға назар аударуды көздеп отырғанын жеткізді:
• республика бойынша балалар мен жасөспірімдер секцияларының қолжетімділігін кеңейту;
• әлемдік аренада айтарлықтай жетістіктерге жеткен әйелдер командаларына қолдау көрсету;
• мамандандырылған инфрақұрылымды салу және жаңғырту;
• әлеуметтік желілер, медиа жобалар және ауқымды спорттық іс-шаралар арқылы регбиді белсенді түрде насихаттау.
Қазақстанда әйелдер регбиі біршама дамыған. Қазір әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте 19-шы орында келеді.
Бұған дейін, қаржыгер Гаджи Гаджиев ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланған.