Қазақстандағы ең танымал әрі ең тартымды демалыс түрі – белсенді туризм, табиғи көркем аумақтармен танысу, тау-тасты аралау. Богданович мұздығы мен Қазан үңгіріне бару да осы санатқа жатады. Алматылықтар тауға бай, бұл бағыт та қаладан қатты алыс емес. Бүгінгі материалымызда әлеуметтік желілерден жиі көріп жүрген әйгілі мұздық туралы айтып, оған қалай жетуге болатыны туралы да баяндаймыз.
Мұздық жайлы
Богданович мұздығы қиындығы жағынан орташа санатқа жатады. Сондықтан бұл жолды тек жиі тауға шығып жүргендер ғана бағындыра алады деп ойлау қате. Қарапайым туристер де бағын сынап көре алады. Бірақ, әрине, физикалық дайындық қажет. Мұздықтың 3500 метр биікте орналасқанын есте ұстап, таулы аймақтың ерекшеліктері барын да ескеру қажет. Таулы өңірге тән ауру-сырқау пайда болуы мүмкін екенін де ескеріп барып, дайындыққа кіріскен жөн. 12 жасқа толмаған балалардың мұздыққа әзірге бармағаны абзал.
Табиғи объект атауы 1911 жылы ғалым – геолог Карл Иванович Богдановичтің құрметіне қойылған. Ол осы аймақта жұмыс істеген деген дерек бар.
Бұл – Алматыға ең жақын мұздық, Іле Алатауының Кіші Алматы сілемінде орналасқан. Жыл он екі ай мұз болып тұрады. Ол – таулардың арасындағы тар жерде орналасқан, екі бөліктен тұратын алқап. Ұзындығы 3 шақырымнан асады.
Мұздық жыл өткен сайын танымал болып барады. Альпинистер қыста ағылып келіп, түрлі кәсіби мақсатына жетуді көздейді. «Мұз толқыны» аталып кеткен үлкен мұзды дуалды көру қазір көп қарапайым алматылық таусүйер адамның мақсатына айналды. Бұл дуал бір қарағанда мәрмәр тасқа да ұқсап кетеді.
Мұздыққа тек қыста барады деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі мұздықтың өзі ғана емес, оған жетер жолдың өзі ерекше әдемі, адамға керемет ләззат сыйлайды. Жаздыгүні қаланың шуынан шалғай кетіп, қарлы шыңдарды көру – бірең-сараң қала тұрғыны үшін ғана берілетін мүмкіндік. Ал жолыңыз болып жатса, жолай жайылып жүрген сұлу маралдарды көріп қалуыңыз да мүмкін.
Мұздыққа қалай барамыз?
Богданович мұздығына барар жол 4-5 сағатқа созылуы мүмкін. Ең оңай әрі ең танымал маршрут Медеу арқанжолынан басталады. Қалада болсаңыз, ол жерге дейін №12 автобусқа отырып жете аласыз. Арқанжолға билет алып, сол арқылы Талғар асуына дейін жетіп алуыңыз керек. Бұл – теңіз деңгейінен 3163 метр биікке көтерілесіз деген сөз, жолға шамамен 40 минут кетеді. Арқанжолдан түсе салысымен жоғары, яғни тауға қарай бір жол түскенін көресіз, ылдилаған қысқа шақырымнан соң мұздыққа апарар жол басталады.
Әрі қарайғы жолды екіге бөлер болсақ, ең алдымен біршама жоғары көтерілуіңіз керек болады. Осымен болды, көз алдыңызда Богданович мұздығы. Шыққан биігіңізден білінер-білінбес қашықтық төмен қарай жаяу жүруіңіз қажет. Арқанжолдан түскеннен кейін жүрген жолыңызға шамамен 40 минут пен бір сағат аралығында керек болуы мүмкін.
Богданович мұздығына жеткен адам үшін тағы бір бонус бар: дәл осы жерден Комсомол (Нұрсұлтан) шыңы көрінеді, көрінісіне көз тоймайды. Биіктігі – 4376 метр. Сонымен қатар осы жерден Абай шыңын да көруге болады, биіктігі – 4010 метр.
Мұздық осы екен деп, мәрмәр дуалға алыстан қарап кетіп қалып жүрмеңіз. Дуалға жақындасаңыз, өзіңіз де сол жерден Қазан үңгірін көресіз. Үңгірді бірден көрмесеңіз де, көп адам жиналып, бірдеңе істегелі жатқанын көреріңіз сөзсіз.
Ғажайыпқа енгендей, құдды аквариумға кіргендей сезім сыйлайтын қою көк үңгір осы жер. Тек оған түсу үшін де дайындық қажет. Таулы аймақты жақсы білетін гид болса, тіпті жақсы. Қауіпсіздік ережелеріне сай, үңгірге арнайы арқан арқылы түсу қажет.
Жалпы айтар болсақ, уақыт жағынан бұл тамаша табиғи аумаққа бару-қайту уақыты 5-6 сағатты алады, бағыттың жалпы ұзақтығы – 8 шақырым.
Богдановичке баратын адам қатары жыл өткен сайын артып келеді, бұл Қазақстанның ішкі туризмінің дамып жатқанының бір белгісі болса керек. Бұған әлеуметтік желілердегі осы аймақтан салынған жүздеген посттар мен арнайы тур бағдарламалары шығып жатқаны дәлел бола алады.
Қалай дайындаламыз және тауға шығу үшін не нәрсе қажет?
Сіз де көптен барғыңыз кеп жүрген болсаңыз, қайткен күнде де мұның таулы аймақ екенін есте ұстаңыз. Денсаулық жағдайыңыз бен физикалық дайындығыңызды шамалап көріңіз. Сонымен қатар арнайы киім мен құрал-жабдықтар алуды да ұмытпаңыз. Міндетті түрде қысқа күртеше, бас киім, қолғап, трекинг аяқ киім киюіңіз қажет. Киінгенге «Үш қабат» ережесін ұстаныңыз. Термокиім, флис жейде және күртеше. Қай кезде барғаныңызға қарай, ауа райы да әртүрлі болатыны анық. Қыс біткенше барғым келеді десеңіз, ұсынар киіміміз осы. Жолда ыстықтап жатсаңыз, бір қабатты шешіп тастап, тауға көтерілген сәтте тер қатып, дееңіз суып қалмас үшін сол қабатты қайта киіп ала алуыңыз қажет. Сонда таудан түсіп, сырқап қалудан да сақтанасыз. Киім еркін қозғалуға кедергі келтірмеуі керек. Сонымен қатар міндетті түрде көзілдірік пен күнге қарсы крем де алып алыңыз. Жол ұзақ болғандықтан, шамамен бір литр су алыңыз, құрғақ тіскебасарлар, кенет қажет болуы мүмкін дәрі-дәрмек те алуды да ұмытпаңыз.
Қажет-жарақтың бәрін рюкзакқа салу керек. Термосқа ыстық шай да құйып алыңыз, тауға шыққанда қан қысымы ойнайтын адамдар да бар, сол үшін тәтті шоколад та артық болмайды. Міндетті түрде артық футболка мен шұлық алуды ұмытпаңыз. Трекинг таяқша да – міндетті дүние, ол жолыңызды біршама жеңіл әрі қауіпсіз етеді. Қауіпсіздік үшін арнайы мұзбасқыш та қажет. Оны арнайы дүкендерден сатып алсаңыз да болады, болмаса, 1000 теңгеге жалға алуға да болады.
Арқанжол тәулік бойы жұмыс істемейтінін ескеріңіз. Қайтар жолда кешігіп қалмас үшін, алдын ала жұмыс кестесін біліп алыңыз.
Осы аталған кеңестің бәрін ескерсеңіз, осы бір қысқа саяхаттан барынша ләззат алып, өз-өзіңізге тамаша демалыс пен жарқын естелік сыйлайтыныңызға күмән жоқ. Тауда жүргенде қауіпсіздік ережесін де сақтаңыз. Адамдармен амандасыңыз, қайтып бара жатсаңыз, міндетті түрде керісінше, тауға енді шығып жатқандарға жол беріңіз.
Кез келген жолда жолдың соңы емес, жолдың өзі маңызды екенін есте ұстаңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл сапарда сізге тек ақырғы нүкте емес, жолдағы көріністердің өзі керемет әсер сыйлайды.