Жас инвесторға нұсқаулық: компанияның жақсы дамып келе жатқанын қайдан білеміз?
Инвестиция әлеміне енді қадам басқан кезде сананы тұман басқандай белгісіздік билеуі мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені бастапқыда компанияға қалай баға беру керегін, талдаудың егжей-тегжейін түсіне бермейсіз. Десе де, негізгі терминдерді ұғып алып, оны күнделікті қолданысқа енгізген кезде пазл құрала бастайды. Олай болса, жас инвесторларға компанияның тұрақты дамып келе жатқанын көрсететін белгілерін атап көрсетейік.
Компанияға жалпы талдау қалай жасалады?
Бірінші кезекте компания туралы ашық дереккөздерде бар ақпаратты шолып шығыңыз. Оның ішінде ол компанияның немен айналысатыны, өндіріс көлемі, даму стратегиясы қандай екенін, рейтиң агенттіктері қандай баға беретінін, әлдебір санкциялар салынбаған ба — осыны қарап алуыңыз керек. Мұндай ақпаратты табу оңай. Брокердің қолданбасында да, Trading View сияқты арнайы сервистерден де көре аласыз. Оған қоса, компанияның циклі мен технологиясы да маңызды. Өйткені осы екі бағытқа қарап, қалай дамитынын, акцияларының бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін болжауға болады.
Компания цикліне мән береміз. Циклді компаниялардың түсімі әдетте құбылып тұрады. Ал енді циклді емес компаниялар болса, экономикада не болып жатса да мыңқ етпей, өзгеріссіз қалады. Сондықтан циклді компания акцияларының табысы мен түсімі азайып, акциялары құлдырап жатқан кезде сатып алған адам ұтады. Егер сіздің инвестициялық жоспарыңыз кемінде 10 жылға бағытталған ұзақмерзімді болса, онда бұл факторға бас ауыртпасаңыз да болады. Ондай мақсаттағы инвесторлар цикл кезеңіне мән бере бермейді. Бірақ бизнестің қаржылық жағдайын міндетті түрде ескеру қажет.
Технологиялық әлеуетін байқаймыз. Жалпы технологиялық компания деп жаңа технологиялармен жұмыс істейтін барлық компания айтамыз. Оның ішінде жаңа технологияларды өндіретін де, жұмысына енгізетіндерді де жатқыза береміз. Мысалы Apple, Google, Tesla және Amazon сияқты IT-компаниялармен бірге «Яндекс», Kaspi секілді нарықтағы көшбасшыларды да технологиялық компания дейміз. Негізі технологиялық компаниялар дивиденд төлей бермейді. Әрине, беретіндері де бар. Әйтсе де, басым көпшілігі табысын бизнесті дамытуға салады. Демек олардың акцияларының құны технологияларды дамытуға күш салмайтын компанияларға қарағанда жылдам өсуі әбден мүмкін.
Компания есебін қалай талдаймыз?
Биржада акциялары айналымда жүрген компаниялар атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп өткізіп тұрады. Есептің бәрін мынадай үш түрге бөлсе болады: қаржылық, операциялық және көмекші есептер. Қаржылық және операциялық есептер жылына кемінде бір рет жасалады. Компания инвесторларға өткен жылдың қорытындысын жасап, есеп өткізуге міндетті. Кейде тоқсандық, кейде тоғыз ай не бір жылдық қорытынды жарияланып отырады. Егер бір уақытта бірнеше фирма туралы ақпаратқа талдау жасағыңыз келсе, арнайы сервистерді қолдануға болады.
Операциялық есептерге талдау жасайық. Мұндай есептерде компанияның қызметі туралы ақпараттар қамтылады. Оның ішінде өндіріс көлемі, сауда алаңының қаншалықты өскені жайлы деректер болады. Бұл жерде мына нәрсеге мән беру керек:
- Өндіріс — көлемі өсіп жатыр ма, өспей жатса оған не себеп?
- Сауда — өсіп жатыр ма, өспей жатса оған не себеп?
Өндіріс пен сауда көлемі туралы ақпаратты өткен кезеңдермен салыстырып қараймыз. Сонда компанияның қаншалықты жемісті жұмыс істеп жатқанын білуге болады. Мәселен бірнеше тоқсан бойы өндіріс көлемі түсіп жатса, демек компания әлсіреп жатыр деген сөз. Ал ол болса, акцияларын құлдыратуы мүмкін. Оған қоса, бәсекелестерді де шолып шығу керек. Сонда қай компанияның жақсырақ жұмыс істейтіні білінеді.
Қаржылық есептерге талдау жасайық. Бұл ретте мына көрсеткіштерге мән беру керек.
- Түсімі. Өсіп жатса, керемет. Ал енді түсімі құлдырап жатса, демек өнімге деген сұраныс азайып жатыр деген сөз. Мұндай жағдайда компанияға бұрынғыдай табыс табу қиындайды. Ал ол болса, акция құнын түсіріп жіберуі бек мүмкін. Десе де, табысы азайса болды, компания құрдымға кетіп жатыр деп ойламаңыз. Одан бөлек қарауымыз керек көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, қосымша материалдарды шолып шығамыз.
- Таза табысы. Кез келген компанияның есебін қараған кезде таза табысы, динамикасы мен маржасына қараймыз. Таза табыс көлемі дивидендтерге тікелей әсер етеді. Көп болған сайын акция бойынша төлем де көбірек бола түседі. Егер таза табысы негатив болса, онда компания шығынға ұшырады деген сөз. Әдетте стартаптар, жұмысын енді бастаған компанияларда осындай жағдай жиі болады. Таза табыс динамикасына қарап отырып компанияның нарықтағы орнын біле аламыз. Егер тұрақты өсіп келе жатса, демек басқару жағы «беске» орындалып жатыр. Ал енді маржаға келсек, ол компанияның шығындарды қалай басқарып, қалай баға қоятынын көрсетеді. Маржаны осы саладағы басқа компаниялардың көрсеткіштерімен салыстырып қарау қажет.
- EBITDA немесе салық, пайыз бен амортизацияны алып тастағанға дейінгі табыс көлемі. Бұл көрсеткішке қарай отырып, компанияның міндеттемелерін қаншалықты жақсы орындайтынын және капиталға инвестиция жасай алатынын білуге болады. Егер EBITDA көрсеткіші оң болып, уақыт өткен сайын жақсарып жатса, демек компанияның қаржылық жағдайы жақсы, бәрі тұрақты деген сөз. Ал енді түсіп жатса, онда қаржылық ахуалы нашарлап жатқанын білдіруі мүмкін.
- Бос қаржы ағыны (free cash flow, FCF). Бұл дегеніміз — негізгі қызметтен түсетін ақша ағыны мен капитал шығындардың арасында айырма. Компаниялар есебінде FCF көрсеткішін көрсете бермейді. Бірақ қаласаңыз, қолдан есептеп шығара аласыз. Бар болғаны операциялық қызметтің таза ақша ағынынан капитал шығындарды алып тастайсыз. Бос қаржы ағынынан таза табыс көрсеткішіне қарағанда көбірек мағлұмат алуға болады.
- Компанияның қарызы. Бұл соманың ішіне фирманың банктерден не басқа жеткізушілерден қызметін қаржыландыруға арналған ақшасы кіреді. Егер компанияның қарызы болса болды, проблемасы мол екен деуге асықпаңыз. Өйткені қарызды динамикасына қарай бағалау қажет. Ал енді қарызы болғанымен, табысы еселеніп жатса, онда қорқатын ештеңе жоқ.
Дивиденд саясатында не нәрсеге мән беру керек?
Дивиденд саясаты туралы ақпаратты компанияның ресми сайтынан, инвесторларға арналған бөлімнен біле аласыз. Ол жерде компанияның қаншалықты жиі дивиденд төлейтінін, мөлшері қандай болатыны жазылады. Кей компаниялар минимум мөлшер белгілейді, кейбірі қоймайды. Бұл жерде әркімнің өз саясаты болады. Мысалы, бір компаниялар таза табысының шартты түрде 50%-ын сол төлемге берсе, енді бірі бос қаржы ағынының 25%-ын береміз деп белгілейді. Инвесторларға арналған сервистерден бұрынғы дивиденд төлеген кездерді қарап шығуға кеңес береміз. Қаншадан төледі, табысы қандай болды — көрініп тұрады.
Мультипликаторларды қалай бағалаймыз?
Алдымен мультипликатор деген не? Бұл — бизнестің инвестициялық тартымдылығын бағалауға мүмкіндік беретін қаржы көрсеткіші. Мультипликатордың түрі көп. Соның ішінде негізгі түрлеріне тоқталайық:
- P/E. Мұнда инвесторлар компанияның дәл осы саладағы әлеуетіне баға береді. Нарық капитализациясының таза табысқа қатынасы арқылы есептеледі. Мысалы P/E мәні 0-5 аралығында болса, онда тиісті бағасын алмағанын білдіреді. Ал енді көрсеткіш 5-тен асса, онда бағасы шектен жоғары берілген. P/E 0-ден аз болса, компания шығынға батқан деген сөз.
- P/S. Компанияның нарықтағы капитализациясының түсімге немесе акцияның нарықтағы бағасының бір акцияға қатынасы арқылы есептеледі. Мультипликатордың мәні 2-ден төмен болса, бәрі дұрыс деуге болады. Ал енді 1-ден аз болса, компания тиісті бағаланбаған деген сөз.
- P/BV. Бұл көрсеткіш акция құнының оның баланстық құнына қатынасы арқылы есептеледі. Егер P/BV мәні 1-ден аз болса, онда компания капитализациясының әр теңгесіне бір теңге активтен артық түсіп тұр деген сөз. Яғни банкротқа ұшырай қалса, компанияның акционерлерге ақшасын қайтаруға қарымы жетеді. Ал енді мәні 1-ден көп болса, онда акцияның 1 теңгелік құнына реал құны бір теңгеден аз акция келеді деген сөз. Бұл жағдайда компания құлдырап жабылатын болса, акционерлерге ақшасын қайтара алмай қалуы мүмкін.
- EV/EBITDA. Компанияның EBITDA-ға қатысты құнын көрсетеді. Көрсеткіш неғұрлым төмен болса, соғұрлым жақсы. Бірақ егер мәні теріс болса, онда бұл жерде шығынға батып жатқанын білдіруі әбден мүмкін.
- EBITDA бойынша табысы. Бұл мультипликатор арқылы компанияның салық, пайыз, амортизацияны есептемегенде, жалпы табыстың қанша бөлігін компания табысы иеленетінін біле аламыз. Көрсеткіш мәні жоғары болса, демек компания жемісті жұмыс істеп жатыр деген сөз.
- ROE. Компанияның табыс табу үшін жеке капиталын қаншалықты орынды жұмсайтынын көрсететін көрсеткіш. Оны есептеу үшін таза табысты жеке табысқа бөліп, 100%-ға көбейтеміз. Егер ROE жоғары болса, онда көрсеткіш өте жақсы.
- Debt/EBITDA. Табыс көлемі осы қарқынмен түсіп тұра беретін болса, компания мойнындағы қарызыан қанша жылда толық құтылатынын көрсетеді. Әдетте бұл коэффициенттің мәні 1-2 аралығында болады. Егер 2-ден көп болса, онда компанияда көп кредит барын білдіреді. Мәні 1-ден аз болса, компания қосымша қаражат тартуға болатын бар мүмкіндікті қолданбай отырғанын білдіреді. Соның кесірінен шығара алатын тауар не қызмет көлемінен азырақ өндіріп отыр деген сөз.
- EV. Компанияға берілетін әділ бағаны көрсетеді. Оны есептеу үшін нарық капитализациясына барлық қарыз міндеттемені қосып, шыққан саннан қазір бар қаражатты азайтамыз.
Мультипликаторлардың мәнін қолмен есептеп жүрмей-ақ, аналитикалық платформалардан, брокерлердің қолданбаларынан не инвесторларға арналған ресурстардан тауып ала аласыз. Мультипликаторларды салыстырғанда, бизнестің жеке бір сипаттамаларын және болашақтағы қаржы ағынын есепке ала алмайсыз. Сондықтан тереңірек талдау жасау үшін инвесторлар әр мультипликаторға салмақ беріп қояды. Егер құнды қағаздарда енді-енді талдау жасап үйреніп жүрген болсаңыз, әзірге мультипликаторлардың өзіне және кейінгі жылдардағы динамикасына қарасаңыз жетіп жатыр.
Қандай қауіп төніп тұрғанын не компания әлеуетін қалай білеміз?
Компанияға қандай қауіп төніп тұрғанын анықтау үшін нарық пен экономиканың жағдайын қараймыз. Оған қатысты әмбебап нұсқау айту қиын. Өйткені мұнда бәрі бизнестің спецификасына байланысты. Дегенмен ЖІӨ-ге қарап көп нәрсені біле аламыз. Жалпы ішкі өнім — экономикалық өсімнің басты индикаторы. Одан қала берді еңбек нарығы мен іскерлік белсенділікті көрсететін PMI көрсеткішіне мән беріңіз. Егер оның мәні 50-ден аз болса, демек экономика құлдырап жатқаны. Әрі нарықта жұмыссыздық белең алып, ЖІӨ түсіп жатса, экономика әлсіреп жатыр деген сөз. Бұл компанияның акциясына кері әсер беруі мүмкін.
Қай кезде талдау көмектеспеуі мүмкін?
Терең талдау жасасаңыз да, кейде болжамаңыз ақталмауы мүмкін. Ондай жағдай да болады. Өйткені қазір нарық өте құбылмалы. Инвестор бәрін бақылауда ұстап, қоржынын қайта-қайта түзетіп отырмай болмайды. Мониториң жасап отыру маңызды. Назарыңызды қаржы нарығының қорларына, пайлық инвестициялық қорларға, облигацияларға және басқа да нарықтағы жағдайға оңай бейімделетін құралдарға да бөліп қоюды ұмытпаңыз.