Жаңалықтар

Журналист Дана Орманбаеваға іздеу жарияланды

Фото: instagram.com/danapartner

Журналист Дана Орманбаеваға ұлтаралық араздықты қоздыру ісі бойынша іздеу жарияланды. Ақпаратты Алматы қаласы полиция департаменті растады.

«Бұрын хабарланғандай, Алматы қалалық ПД тергеу Басқармасы ұлтаралық араздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Сот «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялады.
Сонымен қатар, күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды», – делінген департамент жауабында.

Журналист аталған ақпаратқа байланысты желідегі парақшасында пікір білдіріп, өзіне тағылған айыпты «адал атын кірлетіп, беделінен айыруды көздегендердің әрекеті» деп бағалады.

«Айтарым біреу және ең маңыздысы: мен – ұлтаралық араздықты қоздырушы емеспін.
Мұны менің барлық орыс достарым, серіктестерім мен пікірлестерім жақсы біледі.
Көп жылдар бойы мен тек қана Қазақстан халқын, балаларды және отбасыларды қорғаумен айналыстым, ештеңе талап етпестен. Енді осы ойдан құрастырылған, толықтай жалған іс бойынша мені қудалап жатыр» – дейді ол.

Журналист қазіргі уақытта отбасымен Дубайда тұрып жатыр.

Дана Орманбаеваның аты-жөні бұған дейін де сот ісі аясында аталған. Ол кезде журналист белгілі продюсер Баян Алагөзовамен соттасып, жеңіліп қалған. Сот Орманбаеваны шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп таныған.