Украинадағы соғыс Қазақстан арқылы өтетін газ транзитіне қалай әсер етеді
Ресей мен Қытайдың жаһандық белгісіздік жағдайында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ұмтылысы Қазақстан үшін маңызды энергетикалық жобалардың іске қосылуын жеделдетуі мүмкін.
2025 жылға арналған болжамдарда ең көп көздесетін сөз – белгісіздік. Оны қаңтар айында жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық тәуекелдер – 2025» атты есебінен де жиі кездестіруге болады. Сондай-ақ бұл сөз БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) дүниежүзілік саудаға арналған желтоқсандағы есебінде және Қоғамдық экономикалық мәселелер департаментінің 2025 жылға арналған «Дүниежүзіндегі экономикалық жағдай және болжамдар» есебінде де маңызды орын алған.
Жаһандық ойыншылар әлемді ықпал ету аймақтарына бөліп, белгісіздікті азайтуға тырысып жатыр. АҚШ-та Монро доктринасы еске алынса, Ресейде «Еуразиялық қауіпсіздік» туралы айтылуда. Түркия Осман империясын қайта өркендетуді қолға алса, Қытай жаһандық қауіпсіздік саласында бастамалар көтеріп отыр. Осы орайда әскери-саяси және экономикалық қауіпсіздік арасындағы айырмашылықты ажыратуға мән беріліп жатқан жоқ. Қазіргі әлемде саясат толығымен экономикалық тұрғыда, ал экономика саяси тұрғыда жүзеге асырылып жатыр. Әскери экономика мен экономикалық соғыс жаңа қалыпты жағдайға айналды.
Бұл тақырыпты шексіз талқылауға болады. Бірақ бүгін бізді тек Қазақстанға қатысты нақты әрі практикалық сұрақ қызықтырады. Яғни, бұл жағдай біздің елге қалай әсер етеді? Қазақстан – орташа әрі бейбіт ел, көп векторлы сыртқы саясатты ұстанып отыр және Еуразияның негізгі транзиттік хабына айналуға ұмтылуда. Газ транзиті мәселесін қарастырып көрейік.
Қазақстан транзиттік хаб рөлін атқаруға дайын ба?
1 қаңтарда Ресейдің Украина арқылы Еуропаға экспорттайтын 15 млрд текше метр газ көлемі тоқтатылды. Киевтің Украина аумағы арқылы транзит келісімін ұзартудан бас тартуы Кремльге қарсы бағытталған соққы болып саналады. Бірақ бұл соққының әсері басқаша болды. Газ бағасы Еуропада қымбаттап, сәйкесінше «Газпромның» Түркияға және «Түрік ағыны» арқылы Еуропаға газ жеткізуі 40 млрд текше метрге дейін өсті. Кремльдің табысы азаймады, бірақ «Газпромның» артық газ көлемдері пайда болды. Оларды жаңа әлеуетті нарықтарға, атап айтқанда Орталық Азияға, Қытайға және Иранға бағыттауға тырысады. Қазақстан осы транзиттік хабтың рөлін атқаруы мүмкін. Біздің ел мұндай рөлге дайын ба?
2024 жылдың шілдесінде қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда Қазақстанның батыс, оңтүстік және орталық аймақтарының халқы үшін газ тасымалдау жүйесін қамтамасыз ету көзделген. Бұл жүйе сондай-ақ Ресейден Өзбекстанға және Түркменстаннан Қытайға газ транзитінде маңызды рөл атқарады. Ресей – Иран және Ресей – Қытай транзиті туралы бұл жоспарда ештеңе айтылмаған.
2023 жылдың қазан айынан бастап Ресейдің Өзбекстанға газ жеткізуі «Орталық Азия – Орталық» магистральды газ құбыры жүйесі арқылы, бірақ кері режимде жүзеге асырылуда. Жүйенің атауы өзгермеген, бірақ құбырлар мен компрессорлық жабдықтар жаңартылып, тасымалдау көлемдерін арттыруға дайындалып жатыр.
Маусым айында QazaqGaz бен «Газпром» Ресейдің газын Қазақстан арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға 2025-2040 жылдары тасымалдау бойынша келісімшарттарға қол қойды. Транзит көлемі белгісіз, бірақ Ташкент 2030 жылға қарай жеткізілімдерді 3,6 есе, жылына 11,6 млрд текше метрге дейін арттыратынын жариялады. Қырғызстанға жеткізілімдер екі жыл ішінде 800 млн текше метрге дейін өседі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар газ транзиті үшін ақы алу (кейінгі жылдары тарифтер жарияланбаған) Қазақстанға своптық операциялар жүргізуге мүмкіндік береді.
Қытай да Ресей сияқты белгісіздікті сейілтуге тырысып жатыр. Оның ішінде энергетика саласында да. Сондықтан Бейжің Түркменстаннан газ құбырының төртінші желісін салу жобасын жүзеге асыруды «Сібір күші – 2» жобасымен қатар жүргізуі мүмкін.
21 қаңтарда Владимир Путин мен Си Цзиньпин видеоконференция форматында келіссөздер жүргізді. Олардың Ресей мен Қытай арасындағы белгісіздіктің артқанын, әсіресе, Дональд Трамп Ақ үйге келгеннен кейін осындай жағдай қалыптасқанын атап өткенін болжауға болады. Сондай-ақ олар бұл тәуекелдерді азайту жөніндегі шараларды талқылаған болуы мүмкін. Олар, әсіресе, «Сібір күші – 1» газ құбырының (шығыс бағыты) толық қуатқа шыққанын (жылына 38 млрд текше метр) атап өтті. Ресейден газ жеткізудің басқа маршруттары да талқыланды. Олардың бірі Қазақстан арқылы өтуі мүмкін. Оның қуаты жылына 35 млрд текше метрді құрайды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан бұл жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Өйткені бұл тек транзиттен түсетін кірістер үшін ғана емес, сонымен қатар Ресейдің газын Қазақстанға тікелей импорттаудан гөрі арзанға сатып алу мүмкіндігін ұсынады. Дегенмен, Ресей мен Бейжің «Ресей – Қазақстан – Қытай» газ құбыры құрылысын келісіп қойған жоқ. Біз «Газпромнан» ішкі нарыққа арналған келісілген бағамен 10 млрд текше метр газ сұрап отырмыз. Бұл жағдайда газ құбыры Шығыс Қазақстанды газдандыру мәселесін тиімді шешуге көмектеседі. Сонымен қатар Өскемен маңында «Интер РАО – Экспорт» салатын ЖЭО көмірмен де, газбен де жұмыс істей алады.
Солтүстік-Оңтүстік энергетикалық дәлізі
Иран Джо Байден әкімшілігі кезінде санкцияларға ұшырады, сондықтан Дональд Трамп кезінде де оған қарсы санкциялық соғыс басталуы ықтимал. АҚШ-тың соққысы Иранның мұнай-газ саласына бағытталады.
Бұл Ресей мен Иранды жедел қарқынмен жақындасуға итермелейді. 17 қаңтарда Мәскеуде Иран президенті Масуд Пезешкианның ресми сапары болды. Владимир Путинмен кездесу барысында өткен жылы Ресей рублі мен Иран риалының үлесі екі ел арасындағы барлық сауда операцияларының 95%-нан астамын құрағаны айтылды. Вашингтон Ресей мен Иран президенттерінің стратегиялық серіктестік туралы келісімге және атом энергетикасындағы ынтымақтастыққа қол қойғанын атап өтті. Келіссөздерге қатысқан Ресейдің Энергетика министрі Сергей Цивилевтің айтуынша, Ресей газын Иранға Әзербайжан арқылы жеткізу туралы келісім жасалған. Қазақстан үшін осы қызық болып тұр.
Иран әлемдегі ең ірі газ кен орындарының біріне ие, бірақ олар елдің оңтүстігінде орналасқан, ал негізгі өндірістік қуаттар – солтүстікте. Сондықтан Ресейдің газын жеткізу мәселесі өткен жылдың жазында талқыланды. Ирандықтар сол кезде Ресейдің әлеуетті экспортын 109 млрд текше метр деп бағалаған. Алайда бұл көрсеткіш инфрақұрылымның жоқтығынан қиял ғана деп саналған. Қазіргі газ құбыры бастапқы кезеңде Иранға жылына 2 млрд текше метр газ жеткізуге мүмкіндік береді. Газ бағасы да әлі шешілмеген, бірақ сыртқы факторлар, әсіресе Трамптың әрекеті, Тегеран мен Мәскеуді Солтүстік-Оңтүстік энергетикалық дәлізін аяқтауға итермелейді.
Бұл дәліз көлік (Путин Мәскеудегі кездесуде Иран аумағындағы Решт – Астара теміржол желісін аяқтауға дайын екенін айтты) және энергетикалық (Ресей, Әзербайжан мен Иранның энергетикалық жүйелерін біріктіру жұмыстары, әзірге техникалық-экономикалық негіздеме деңгейінде) сипатта болады.
Сонымен қатар Каспийдің шығыс жағалауымен, яғни Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан арқылы да газ жеткізу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде реверс режимінде жұмыс істеп тұрған және кеңейтіліп жатқан Орталық Азия – Орталық газ құбыры жүйесін Өзбекстаннан Түркменстанға дейін жалғастыруға болады, онда Иранға газ жеткізу құбыры бар.
Бұл маршрут транскавказдық газ құбырының баламасы емес, оның қосымша бөлігі болар еді. Бізде де кеңес кезінен қалған құбыр құрылымдары бар. Бірақ мәселе мынада, «Газпром» (немесе ресей-иран серіктестігі) Каспийдің батыс жағалауында тек бір серіктеске ие, ал шығысында үш серіктесі бар. Олардың әрқайсысының өз мақсаттары, міндеттері, басымдықтары мен шарттары бар. Нәтижесінде, өңір елдерінің біріктірілген инфрақұрылымдық және энергетикалық саясатының болмауы шетелдік инвесторларды тежеп отыр.
«Газпром» – стратегиялық серіктес
Өткен жылы газ жеткізу, транзит және өңдеу мәселелері Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың басты тақырыбы болды. Көктемде Қазақстанда электр энергиясынан ғана емес, газдан да тапшылық туындап, 2023 жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейін Қазақстан Ресейден 0,5 млрд текше метр газ сатып алды. Бұл арнайы келісімшарт бойынша жүзеге асты. Онда QazaqGaz мен «Газпром» қыстың көп тұтынатын кезіндегі газ жеткізу мәселесін шешті.
2024 жылдың 25 қарашасында «Газпром» басшысы Алексей Миллер мен Қазақстанның вице-премьері Роман Скляр 2025-2026 жылдар аралығында Қарашығанақ кен орнынан газды өңдеу және сату келісімінің негізгі шарттарына қол қойды. Келісімнің егжей-тегжейі жарияланбайды. Бірақ сарапшылар бұл келісімде Орынбор ГӨЗ-ге келетін шикі мұнай көлемін 9 млрд текше метрден 11 млрд арттыру туралы сөз болып отырғанын болжады. Сонымен қатар Karachaganak Petroleum Operating ірі акционерлері (Shell, Eni, Chevron) газ өңдеу зауытын кен орнына жақын жерде салуға ешқандай қызығушылық танытпайды. Сол кезде Астана мен Мәскеу Ресейдің газын Өзбекстан мен Қырғызстанға транзиттеу мәселесін де талқылаған еді.
Барлық мәселе Қазақстан үкіметі мен «Газпром» арасындағы стратегиялық ынтымақтастық форматында өтуде. Бұл туралы 2023 жылы келісім жасалған. Журналистердің есептеуінше, Роман Скляр мен Алексей Миллер өткен жылы жеті рет екіжақты және халықаралық форумдарда кездескен.
Бұған таңғалудың реті жоқ. Өйткені 21 қаңтарда Астанада үкімет отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы туралы айтылып, Вашингтонда Дональд Трамп Париж келісімінен шығу туралы жарлыққа қол қойып жатқанда, «Газпромның» Санкт-Петербургтегі кеңсесінде Роман Скляр мен Алексей Миллер газ саласындағы стратегиялық маңызды мәселелерді талқылап отырған еді.