3000 әскери міндетті әскери жиынға шақырылады- Қорғаныс министрлігі
2025 жылы 3000 әскери міндетті әскери жиынға шақырылады. «2025 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы» Қорғаныс министірінің бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Әскери жиындардың негізгі мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру. Соғыс уақытында жасақтау аудандарында жұмылдыру және жасақтау кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістетуге қажетті әскери оқытылған ресурсты даярлау және запаста жинау.
Бұл жиындар 2007 жылдан бастап жыл сайын 30 күндік мерзіммен өткізіледі.
Әскери жиындар кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады. Оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін әскери міндеттілерге ең төменгі жалақы төленеді.
Әскери міндеттілерді жиындарға және одан кері тасымалдау теміржол немесе автомобиль көлігімен жүргізіледі. Сондай-ақ оларды тамақтандыру Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұдан басқа, әскери жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Әскери міндеттілер казармада болады. Олар әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық зиян үшін ҚР заңнамасына сәйкес жауап береді.
Әскери жиындардан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
Жыл сайын елдегі 200-250 мың әскери міндетті азаматтар әскерге шақыртылады. Жалпы әскерге жарамды 750 мың азамат бар болса, 350-400 мыңы әртүрлі себептермен әскерге жарамсыз. Жалпы бір жылда сол азаматтардың 40 мыңы ғана әскерге шақыртылады.