Жаңалықтар

Алматыда шахматтан Қазақстанның юниорлар арасындағы ең ірі чемпионаты аяқталды

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Алматыда юниорлар арасындағы шахматтан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Оған 950-ге жуық ойыншы қатысты деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.

15-25 қаңтарда өткен 2025 жылғы Қазақстан чемпионатына 6-18 жас аралығындағы спортшылар қатысты. 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан келген 950-ге жуық қатысушы уақыт бақылаудың барлық нұсқасы – стандартты (классикалық), жылдам (рапид) және шапшаң (блиц) шахматтан жүлде алу үшін бақ сынасты.

Осыдан бір жыл бұрын O10 жас тобында Әлімжан Жауынбай ғана үш жарыста да жеңімпаз атанған болатын. Бұл жолы бірден төрт чемпион уақыт бақылаудың барлық үш нұсқасында да алтын медаль жеңіп алды. Макар Чернышов (O6), Данис Қуандықұлы (O12), Жансая Шолпанбек (G12) және G16 тобында классикадан және G18 тобында рапид пен блицтен жеңген Елназ Қалиахмет.

O18 тобындағы ойыншылармен жарысқа түсіп блицтен 3-ші орын алған 2022 жылғы әлем чемпионы (G14) Зарина Нұрғалиеваның есімін да атап өткен жөн.

O14 тобында старт тізімінде нөмірі 14-ші болып тұрған, бірақ барлық көшбасшылардан оза білген Дәрмен Дәуреннің жеңісі тамаша оқиға болды. 

Бейресми жалпы командалық есепте өкілдері 17 алтын медаль (классикадан 6, 5 рапидтен 5 және блицтен 6) жеңіп алған Астана бірінші орынға шықты. Алматы қаласының, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарының да өз чемпиондары бар.

Турнирге қатысты пікірін білдірген Қазақстан шахмат федерациясының Президенті Тимур Турлов:

«Бұл чемпионат Қазақстанның дарынды, талапкер және ақылды балаларға өте бай екенін тағы да дәлелдеді. Біздің міндетіміз – осы әлеуеттің барлығын іске асыруға көмектесу, жағдай жасау және қолдау көрсету. Аяқталған турнир жүздеген бала үшін шахмат әлеміндегі тамаша және өте қызықты жолдың бастамасы, ал олардың жеткен жеңістері жаңа биікке шығарар қадам болсын!» – деп атап өтті.

Классикалық шахматтан чемпион атанғандар Әлем кубогында (FIDE World Cup Under 8–12, 23 маусым – 2 шілде, Батуми, Грузия), сондай-ақ 8–12 жасар шахматшыларға арналған әлем чемпионаттарында (FIDE World Cadets Chess Championship 2025) және 14–18 жасар ойыншылардың әлем чемпионаттарында (FIDE World Youth Chess Championships 2025, 1–12 қазан, Дуррес, Албания), ал вице-чемпиондар Азия чемпионатында (Asian Youth Chess Championship 2025, 2–10 сәуір, Чиангмай, Таиланд) Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Басқа жүлделі орындарға ие болған ойыншылар мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионаты (World Schools Chess Championships 2025, 20–28 наурыз, Врнячка-Баня, Сербия), Батыс Азия чемпионаты (Western Asia Youth & Juniors Chess Championship 2025) және мектеп оқушылары арасындағы Азия чемпионаты (Asian Schools Chess Championship 2025, 16–24 тамыз, Улан-Батор, Моңғолия) сияқты халықаралық жарыстарға қатысуға құқық алады.