Астанада үй жануарларын ұстау мен серуендетудің қағидасы бекітіледі
«Ашық НҚА» порталында «Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» Астана қаласы мәслихатының шешім жобасы жарияланды.
Құжат үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларымен сәйкестендіру мақсатында әзірленді. Үлгілік қағидаЭкология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 168 бұйрығымен бекітіліп, 2023 жылғы 19 қыркүйекте өзгерістер енгізілген болатын.
Құжатта жануардан бас тарту басқа адамның үй жануарларын сатып алғанға дейін иесінің міндеттерін тоқтатуға әкелмейтіні туралы айтылады. Тұмылдырық итке тасымалдау кезінде, адамдар бар жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар белгілеген жерлерде киіледі, ал кейбір жағдайларда қарғыбаудың ұзындығы бір жарым метрден аспауы керек.
Сондай-ақ елдімекендерде иттердің өздігінен жүруіне тыйым салынады. Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын адамдарға жануарларды серуендетуге және олармен қоғамдық орындарда және көлікте жүруге рұқсат етпейді.
Құжат талқылауға шығарылған уақыттан бастап 10 күннен кейін күшіне енеді.
2024 жылдың наурыз айында Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң жобасына енгізілген түзетулер қаралған болатын. Заңға түзету енгізуге 2022 жылы қабылданған қолданыстағы заң нәтиже бермей отырғаны себеп болған. Қаңғыбас иттер мен жануарлар мәселесін реттеуде заңда қайшылықтар мен кемшіліктер көп.