Қаржылай қор жинауға әдеттену үшін не істеу керек?
Қаржылай қор дегеніміз не? «Айлықтан міндетті түрде ақша алып қойып, қор жинау керек» деген кеңесті жиі естиміз. Әлдене бола қалса бір жыртықты жамау үшін қажет болады. Ақшалай қор керек дейтін себебі сол. Жинақтың басқа түрлерінен айырмашылығы — ол қол астында тұрады. Яғни керек бола қалса алу оңай. Қорды қалай жинауға болады? Егер қанша тырыссаңыз да жинай алмай жүрсеңіз, назарыңызға бірнеше тың тәсіл ұсынамыз.
Қаржылай қор не үшін керек?
Қаржылай қор деп форс-мажорға арналған ақшаны айтамыз. Әдетте қорда міндетті төлем, яки кредит, пәтерақы сияқты шығындарды 6 ай қамсыз өтеуге мүмкіндік беретіндей сома жатуы керек деп жатады. Ең кемінде 3 ай алаңсыз жұмыссыз жүрсеңіз де жеткілікті болуға тиіс. Айтқандай, бұл ақша қол астында тұруы керек. Яғни шешіп ала салатындай картада, болмаса үйде қолма-қол жатады. Депозитке салсаңыз да, оны керек кезде алу оңай болуы керек. Басты шарттарының бірі — осы. Өйткені басыңызға іс түсе қалса, қалай шешсем деп уайымдап жүрмеуіңіз керек.
Мысалы сізді аяқ-асты жұмыстан қысқартып тастады делік. Енді басқа жұмыс тапқанға дейін күнкөріске ақша керек. Қаржылай қор осындайда көмек болады. Егер қорда ақша болса, онда қаннен-қаперсіз 1-2 айдай жаңа жұмыс іздеп жүре бересіз. Басы артық уайымға салынбайсыз. Болмаса, сіз ойламаған шығын шығуы мүмкін. Айталық, машинаңыз бұзылып қалды. Жөндетуге көп қаражат керек. Қаржылай қордан ала тұрасыз да, кейін орнын толтырып қоя саласыз. Мынаны есте ұстаңыз: ақшалай қор капиталды көбейтетін инвестиция не әлдебір зат алуға жинайтын жинақ емес. Ол — форс-мажорға ғана арналған ақша. Қымбат дүние сатып аламын деп ақша жинап бастамас бұрын алдымен осы қаржылай қор жайын реттеп алғаныңыз дұрыс. Болмаса, инвестициялық қоржын қалыптастырып алардың алдында алда-жалда бірдеңе бола қалса, қор болып тұрсын деген оймен жинақ жиып қойыңыз. Осы жағын түгендеген соң жинау да жеңілірек болады. Өйткені артында жинағы бар, қоры түгел адам өзіне сенімді бола бастайды.
Тағы бір айта кететін жайт: кредитті мерзімінен бұрын жауып тастап, сосын ғана қор жинаймын десеңіз, қателесесіз. Әрине, кредиттен құтылған жақсы. Дегенмен кредитті жабуын жауып алып, қорда ақша қалмаса, бірдеңе болған жағдайда тығырыққа тірелесіз. Бар ақшаны кредит жабуға жұмсап тастап, ертесіне шұғыл керек болып қалса, оны кері қайтара алмайсыз. Сондықтан алдымен қор жинап аламыз. Сосын барып міндетті шығындардың ішіндегі кредитті жабуға кірісуге болады. Алдымен ақшалай қорды қалай жинау керек, оны қай жерде сақтаған жөн екеніне тоқталайық.
Қорға ақшаны қалай жинаймыз?
Ең бірінші кезекте, ақша жинағысы келген адамның табысы шығынынан артылуы керек. Бұл — басты ереже. Егер тапқан-таянғанның бәрін шашып тастай беретін болсаңыз, жақсылап ойланыңыз. Ол ақшаны жинасаңыз дұрыс болмай ма? Айлықтан ақша артыла ма — бірден оны қорға салып отырыңыз. Ол біз айтып отырған қаржылай қор бола ма, әлде алғыңыз келіп жүрген дүниеге арналған жинақ па — маңызды емес. Бастап кетіңіз.
Көпшіліктің қиналатыны — тұрақсыздықтан. Біртіндеп жинап үйрену де өнер екенін айта кету керек. Тұрақты ақша алып қоюды үйренгіңіз келсе, алдымен мынадай ереже енгізіңіз: кез келген табыс түскен кезде бірден белгілі бір бөлігін алып қойыңыз. Сөйтіп сол ақшадан қалғанын қалауыңызша жұмсай бересіз. Ал енді қорға салатын ақшаның көлемін өз ыңғайыңызға қарай шешіңіз. Мақсатыңыз қандай? Қанша ақша жинағыңыз келеді? Тезірек жинағыңыз келе ме, әлде асықпайсыз ба? Кіріс пен шығысыңыз қандай? Әлбетте, неғұрлым көп ақша алып қойсаңыз, соғұрлым тез байи түсесіз. Бірақ есесіне бұрынғыдан азырақ жұмсауыңыз керек болады. Комфортыңыз азаюы мүмкін. Сондықтан бүкілін таразы басына салыңыз. Бұл жерде маңыздысы — баланс табу. Қазіргі өміріңізге де зиян тигізбей, болашағыңызды да жарқын ету үшін қадам жасап отырғаныңызды ойланыңыз.
Сол себепті мынадай ұсыныс айта аламыз: қаржылай қорға кез келген табыстың кемінде 10 пайызын салып отырыңыз. Одан көбірек сала алсаңыз, тіпті керемет. Өйткені ақша көп болған сайын, эффектісі де көбірек бола түседі. Жоғарыда айтқан комфортқа келсек, 10-15 пайыздан өміріңіз «сұрлана» қоймас. Есесіне, сенімдірек жүресіз. Бәрінен бұрын бастау қиын. Себебі басында ақша азғантай болып көрінеді. «Бұған не аламын, еш шығынымды жаппайды» деп ойлауыңыз да ғажап емес. Бірақ тұрақты сала берсеңіз, ақша көбеюге бейім келеді. Біртіндеп ақша көбейеді. Бара-бара бұл процесс өзіңізге өте қызық бола бастайды. Импульспен алып қоя беретін әдетіңізден де саналы түрде бас тарта бастайсыз. Мұның плюсі өте көп.
Табыс аз болса да, ақша жинауға болады
Сізде мейлі табыс өте аз болсын, бәрібір мына әдетті өмір салтыңызға қосуыңыз керек. Айлығыңыз бір орында тұра бермейді. Табысыңыз артады. Көп ақша табатын кезде де осылай кейін керек болады деп қор жинайтын әдетіңіз қалады. Демек, еш ұтылмайсыз. Әдетте, көбірек ақша таба бастаған кезде адам өзін көп нәрсеге лайық көріп, қымбатырақ дүние алуға құлшынысы ашылады. Тапқанынан ойланбастан бренд ала салуы мүмкін. Былай қарасаңыз, бұған дейін онсыз да өмір сүріп жүрген. Бірақ айлығы көбейіп еді, өзіне сондай жаңа әдет қосып алады. Бұған еш қарсылығымыз жоқ. Жақсы өмір сүргеннің жаманы жоқ. Десе де, қанша жерден табысыңыз артып, жақсы өмір сүруге лайықпын деп санасаңыз да, табысыңыздың белгілі бір бөлігін жинаққа салып отыруыңыз керек. Өмір бір орнында тұрмайды. Сіз де мәңгі жоғары айлық алатын маман болып қалмайсыз. Алда не болары белгісіз. Сондықтан қор міндетті түрде керек.
- Айша айына 300 000 теңге табады. Салықтарды алып тастаған кезде қолына сонша түседі. Енді ол сол табысының 20 пайызын, яки 60 000 теңгесін қорға салып қояды.
- Бірнеше айдан кейін Айшаның айлығын көтеріп, 350 000 теңге беретін болды. Ол енді қалауына қарай үстіндегі 50 000 теңгені құрта берсе болады, не кемінде жартысын әлгі жинаққа қоса алады.
- Егер ол үстіне қосылған ақшаның жартысын жинаққа салса, екі жақта да плюсте болады. Себебі ол енді айына 60 000 теңге емес, 85 000 теңге жинаққа салып отырады.
- Тағы қандай плюс бар десеңіз, оның шығынға арналған ақшасы да артады. Мысалы бұрынғы мөлшерінен тағы 25 000 теңге артық шығындай алады. Көрдіңіз бе?
Мына нәрсені қаперіңізде ұстаңыз:
- Айлық түсті ме, қосымша табыс таптыңыз ба — бірден соның бір бөлігін жинаққа салып тастаңыз. Сосын барып жұмсауға кірісіңіз.
- Табысыңыз артса, қорға салатын ақшаның да көлемін көбейтіңіз. Қосылғанның бәрін жинаққа салып тастамасаңыз да, кемінде екіге бөліп, жартысын күнделікті шығындарға, жартысын қорға деп бөліңіз.
- Егер сіз пайдаланатын банкте ақша түскенде автомат түрде басқа шотқа аударып отыратын функция болса, соны қосып қойыңыз. Бұл біраз жұмысты жеңілдетеді.
Жинайын десем де, жинай алмаймын…
Бұл мәселе көбінің басында бар. Біреу қанша жерден тырысса да, бірнеше айдан кейін қордағы ақшасын жұмсап тастайды. Мұндайда сізге өзіңізге анализ жасау керек. Өткен шақтағы жіберген қателерді еске аламыз. Терең үңіліп, содан сабақ алмайынша сізге ақша жинау қиын бола береді. Бәлкім, белгілі бір бөлігін алып қорға салған кезде сіз қатты қиналып, тарығып қалып жүрген боларсыз. Тіпті «10 пайыз ғана» десе де, сол ақшаның өзі сіздің өміріңізге айтарлықтай әсер еткен болуы мүмкін. Егер мәселе шынымен сонда болса, онда өзіңіз қысылмайтындай пайызын алып жинап көріңіз. Болмаса, қосымша жұмыс іздеңіз.
Табысты қалай арттыруға болады деп жолын табуға тырысыңыз. Адам баласы шығындарын дұрыс басқаруы керек. Кейде ақшамыздың қайда кетіп жатқанын білмей жатамыз. Қанша жерден шығындарды жазып жүру керек, банктің мобайл қолданбасынан анализ жасау қажет десек те, көпшілікке осының өзі қиынға соғып жатады. Егер сіз де ақшаңыздың су секілді ағып кеткенін байқап, бірақ айтарлықтай ештеңе алмай жатқан болсаңыз, онда өзіңізге терең үңіліп көріңіз. Бәлкім, өзіңізге бекітіп алған кейбір «ой яки ұстанымдар» ақша жинауыңызға кедергі болып жүрген шығар.
Мәселен кей адамдар жақсы табыс табады. Бірақ қосымша табыс тапса да, ойламаған жерден сыйақы түсе қалса да, оны бірден түгелдей жаратуға құмар келеді. Енді бірі керек емес болса да, көңіл-күйіне қарай шопиң жасай береді. Осы сынды ұстаным әркімде әр түрлі болады. Оны өзіне терең бойламайынша адам түсінбейді. Импульспен ақша құртып тастай беретін әдетпен міндетті түрде күресу керек. Соны жеңгенде ғана сізде жинай алатын қасиет пайда болады.
Қордағы ақшаны қандай жағдайда қозғамау керек?
Қорға ақша жинап, ұпайды түгендеп қойдыңыз делік. Енді сізде қамсыз бірнеше ай өмір сүре алатындай ақша бар. Енді соны не болса соған құртып тастамау ғана. Жарты жылға жететін ақшаңыз болса, ол дегеніңіз әжептәуір сома деген сөз. Шешіп алуға оңай жерде тұрған соң, демде бірдеңе алып тастау туралы ой келетіні де бар. Импульс «ұрып» тұратыны сонша сол затты алмасаңыз болмайтындай көрінуі мүмкін. Өзіңізді қуантқыңыз келіп, су жаңа телефон алуға ой кетуі ғажап емес. Десе де, біздің қаржылай қор жинағандағы мақсатымыз ол болмағанын есте ұстаңыз. Өйткені алда бір жағдай бола қалса, бүкіл жинаған еңбегіңіз еш болады. Сондықтан ақшалай қорға тиісуге болмайды. Қымбат зат алғыңыз келе ме — оған бөлек жинаңыз.
- Сізге 6 айға жетенін ақша қорда тұр. Енді сол ақшаны алып, Таиландқа кетіп қалғыңыз келіп тұр делік. Қордың жартысы, бәлкім бүкіл бөлігі кетіп қалуы мүмкін. Мейлі, сіз 10 күн армансыз демалып келерсіз. Ал келген соң не болады? Ауырып қалсаңыз, басқа бір шығын шыға қалса, қайтпексіз?
- Ондай қымбат зат болмаса да, «100 000 теңгеге смарт-сағат не құлаққап ала салсам, аса біліне қоймас» деп ойлап, қордағы ақшадан аздап алып әдеттеніп кетуіңіз мүмкін. Бұл да жақсы емес. Иә, келесі айда-ақ орнын толтырамын деп ойларсыз. Десе де, біз алда не болатынын білмейміз. Сондықтан ол ақшаға мүлдем тимейміз.
- «Сонда бұл ақшаны не істеймін?» деген сұрақ туындауы — заңдылық. Әрине, мүлдем құртуға болмайды дей алмаймыз. Кейде жақындарымызға көмектесуміз керек болады. Болмаса, айлықты күтпей әлденені тиімді бағада тұрғанда алып қалғыңыз келеді. Мұндайға енді арагідік рұқсат беруге болады. Тек әдеттеніп кетпеңіз. Егер солай қордан ақша алсаңыз, міндетті түрде орнын толтырыңыз.
Мына нәрсені қаперіңізде ұстаңыз:
- Қаржылай қордан ақшаны кейде алуға болады. Бірақ әдетке айналдырып алмаңыз. Әйтпесе, мақсаттан ауытқып жұмсай берсеңіз, бір күні бүкіл жинақты бір күнде құртып тастауыңыз мүмкін.
Қаржылай қорда қанша ақша болуы керек?
Бұл туралы әңгіменің басында айтып өттік. Енді тереңірек қозғайтын жерге келдік. Кейбірі қорды айлық табысының көлемімен есептейді. Мысалы «жарты жылдық табыс» дегендей. Бірақ бұл қолайсыздау. Одан гөрі шығындарыңызға қарай есептесіп көрген жақсы. Ол қалай?
Айталық, Арнұр 400 000 теңге табады. Оның 80 000 теңгесін қорға жинайды. Яғни 20 пайызын салады. Сөйтіп ол айына 320 000 теңгеге өмір сүреді. Егер біз табыспен есептейтін болсақ, кемінде үш айлық қор жинау үшін Арнұрға 1 200 000 теңге жинау керек болады. Ал енді шығынына қарай есептесек, үш айға оған 960 000 теңге жеткілікті. Егер ол жұмыстан қысқарып қалса, қорға уақытша ақша сала алмай қалады. Бірақ оның бір айлық шығыны 320 000 болғандықтан, әлгі қордағы ақша оған жетеді деген сөз.
Шығындардың есебін жасау бастапқыда қиынға соғады. Бірақ өте пайдалы әдет дер едік. Ең кем дегенде 3 ай жазып жүріңіз. Сонда ақшаңыз қайда кетіп жатқанын, қай кезде импульспен алғаныңызды, қай кезде орынсыз жұмсағаныңызды өзіңіз көресіз. Әрі бір айда орта есеппен сізге қанша теңге жеткілікті болатынын да есептейсіз. Бос шығындарды қысқарту үшін осылай «бетпе-бет» келген абзал. Қорға ақша жинағанда шығындарға қараған дұрыс дедік. Енді қанша сома керегін дәл табу үшін міндетті түрде кететін шығындарды ғана есепке аламыз. Оның ішінде айына алатын азық-түлік, төлейтін кредит, ипотека, коммуналдық төлем дегендер кіреді. Сосын қатты тарығып кетпеуіңіз үшін бір айда баратын ойын-сауықты да есепке алып қойыңыз. Қымбат зат алуға не инвестицияға салатын қаражатыңызды қорға керек ақшаны есептеген кезде шығын деп есептемеңіз. Өйткені қордың мақсаты — форс-мажорда сізді алып шығу. Яғни жұмыссыз қалсаңыз да инвестиция салып отыруым керек деп ойлау қисынға келмейді. Егер ақша артылса, инвестицияға сол кезде салып тастаңыз.
Нені ескереміз?
Есепке алуыңыз керек шығындар | Ескергеніңіз абзал болатын шығындар | Қоспасаңыз болады |
Азық-түлік | Кафе мен мейрамханалар | Тұрмыстық техника, киім-кешек (бір рет алынатын заттар) |
Әрі-бері жүріске (көлік) | Ойын-сауық | Саяхат |
Байланыс | Спорт | Білім |
Коммуналдық төлем | Инвестиция | |
Дәрі-дәрмек | ||
Кредит пен қарыздар |