Трамптың тұсында Tesla-ның болашағы қандай болмақ?

Жарияланды
Трамп
Заңсыз иммигранттарды қайтару АҚШ эономикасына қалай әсер етеді/Фото: Shutterstock

Уолл-стрит Дональд Трамптың иммигранттармен күрес және импорттық тарифтерді көтеру жоспарын толығымен жүзеге асыратынына сенбейді. Қытай жергілікті қор нарығын ынталандыратын жаңа шараларды жариялады. Өткен демалыс күндеріне арналған әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

«Таңдаулы жетілік» төртінші тоқсандағы табысын жариялайды

Осы аптада «Таңдаулы жетілікке» кіретін төрт компания төртінші тоқсан бойынша есеп береді. Олар: Meta, Microsoft, Tesla және Apple. Бұл есептер нарық үшін өте маңызды. Себебі инвесторлар мен сарапшылар жасанды интеллектіге салынған инвестициялар қаншалықты жылдам пайда әкелетініне көз жеткізіп, толғандырған көп сұраққа жауап іздеуі керек. Сонымен қатар бұл есептер Дональд Трамптың Stargate инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыруға әсер етуі мүмкін.

FactSet деректеріне сәйкес, «Таңдаулы жетілік» 2024 жылдың 4-тоқсаны бойынша жылдық табыстың 21,7%-ға өскенін хабарлауы мүмкін. Дегенмен өсім 2025 жылдың бірінші тоқсанында 17,7%-ға баяулауы мүмкін. Ал екінші тоқсанда 18,8%-ға дейін баяулайды деген болжам бар.

Bloomberg «Таңдаулы жетіліктің» табысы 2024 жылдың төртінші тоқсанында 22%-ға өседі деп болжап отыр. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанынан бері ең төменгі көрсеткіш болмақ. Оның үстіне табыс өсімінің қарқыны төртінші тоқсан қатарынан төмендеп келеді.

Өткен аптада BofA сарапшылары «Таңдаулы жетілік» дәуірінің аяқталатынын алға тартып отыр. Сондай-ақ алдағы бес жылда Alphabet, Amazon, Apple, Meta, Microsoft, Nvidia және Tesla акциялары нарықтағы үстемдігін тоқтатады деп мәлімдеді.

Трамптың тұсында Tesla-ның болашағы қандай болмақ?

Yahoo Finance 2024 жылдың 5 қарашасынан бастап Tesla акцияларының 65%-ға өскеніне, өткен аптада 4%-ға төмендегеніне және компанияның алдағы әлеуетіне талдау жүргізді. Негізгі қорытынды: инвесторлар Tesla электрмобильдеріне деген сұраныстың төмендеуіне және АҚШ-та саланы мемлекеттік қолдаудың қысқаруына алаңдап отыр. Алайда Илон Масктың кем дегенде америкалық нарықта бәсекелестерін ығыстыруға мүмкіндігі бар.

Акциялардың төмендегеніне қарамастан, өткен аптада Piper Sandler және Wedbush сарапшылары Tesla-ның автономды жүргізу, роботтехника және жасанды интеллект саласындағы өсу әлеуетін атап өтіп, компанияның 12 айлық мақсатты бағасын көтерді. Morgan Stanley сарапшысы Адам Джонас Tesla-ны «жасанды интеллектінің өзіндік биржалық қоры» деп атады.

Заңсыз иммигранттарды елден қайтару АҚШ-тың жалпы ішкі өнімін 8%-ға қысқартады

Дональд Трамптың иммиграциялық саясаты АҚШ компанияларының өсімі мен кірісіне кері әсер етуі мүмкін, деп жазды Bloomberg. Алайда бұл мәселе инвесторларды аса бір алаңдатып отырған жоқ. Өйткені Уолл-стрит Трамптың бұл жоспарды толығымен жүзеге асыратынына сенбейді. Сарапшылардың пікірінше, ол экономикалық өсуді тежейтін және акциялардың құнын төмендететін саясаттан бас тартады.

Jefferies LLC стратегтерінің бағалауынша, АҚШ-та шамамен 11 млн заңсыз иммигрант тұрады. Жылына бір-екі миллион адам ғана депортациялануы мүмкін. Егер мұндай орын алса, ауыл шаруашылығы мен құрылыста жұмыс күші жетіспеуі мүмкін. Сонымен қатар инфляция күрт өсуі ықтимал. Bloomberg Economics талдауына сәйкес, барлық заңсыз иммигранттарды елден қайтару нәтижесінде АҚШ-тың ЖІӨ-сі 8%-ға қысқаруы мүмкін.

Сол сияқты сарапшылар Трамптың импорттық тарифтерді көтеру туралы жоспарына да күмәнмен қарайды.

Қытай қор нарығын жандандыруға тырысып жатыр

Қытай инвестициялық өнімдерін қолдауға бағытталған жаңа шараларды жариялады. Бұл сыртқы экономикалық жағдайлардың тұрақсыздығы аясында әлсіз қор нарығын қолдауға бағытталған кезекті әрекет деп хабарлады Bloomberg.

Қытайдың Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссиясының 26 қаңтарда жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, үкімет ішкі капитал нарығындағы индекс инвестицияларының ауқымы мен үлесін ұлғайтуды қалайды.

Реттеуші орта және ұзақ мерзімді қорлардың нарыққа кіруін жеңілдетуге, олардың шығындарын азайтуға уәде берді. Сондай-ақ А класты акцияларға шетелдік инвестицияларды (биржалық қорлар арқылы) тарту және ETF дамуына белсенді қолдау көрсету көзделіп отыр.

Қытайлық акциялар соңғы айларда экономика өсімінің баяулау қаупі мен АҚШ-тағы импорттық тарифтердің көтерілу ықтималдығы аясында қысымға ұшырауда. Сонымен қатар трейдерлер Қытай экономикасын ынталандыруға бағытталған бөлшектелген және тиімсіз шараларға көңілі толмайды.

Сондай-ақ оқыңыз