Қаңтар ісіне қатысы бар Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталды
Сот «Дикий Арман» лақапатымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты бір жылдан артық уақыт қараған істің нүктесін қойып үкім шығарды.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Жұмагелдиевті 20 жылға бас бостандығынан айырды. Прокуратура оны 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.
Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікке ілінген. Бұл іске Жұмагелдиевтен бөлек, 43 адамның қатысы болған. Олардың қатарында Махатов қылмыстық тобының мүшесі саналатын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов бар.
Бас прокуратураның мәліметінше, Жұмагелдиев 24 адамды ұрлап, Алматыдағы Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстағанын хабарлаған. Сондай-ақ 6 қаңтарда ол «Қазақстан» қонақүйіне келген жақтастарына Glock және Макаров тапаншаларын таратқан.
Негізгі күдіктілерден бөлек қылмысқа қатысы бар өзге азаматтар амнистияға іліккен. Себебі олар 1-2 жылға сотталып, тергеу мен сот ісі қаралған уақытта бұл мерзім өтеліп біткен. Олардың көпшілігі ҚР ҚК 125 (адам ұрлау), 126 (заңсыз бас бостандығынан айыру), 200 (автокөлікті заңсыз иемдену), 272 (жаппай тәртіпсіздіктер) баптары бойынша сотталды.
ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға, экс-депутат Қайрат Құдайберген 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық істі сот 2023 жылдың қыркүйек айынан бері жабық режимде қарап келген. Алайда үкім шығару кезеңінде БАҚ өкілдеріне сотты көруге рұқсат берілді.