Тоқаев Лукашенконы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусьтегі президент сайлауында жеңіске жеткен Александр Лукашенконы құттықтады. Бұл туралы Беларусь президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, екі ел президенті телефон арқылы тілдескен. Сайттағы мәлімет бойынша Тоқаев Лукашенконы бірінші болып құттықтаған. Әзірге Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің ғана құттықтағаны белгілі.
«27 қаңтарда Александр Лукашенко мен Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы тілдесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Лукашенконы Беларусь Республикасының президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, екі елдің басшылары ынтымақтастықты дамытуды талқылап, әлемдегі жағдайларға байланысты пікір алмасқан.
Айта кетейік, Беларусьтегі өткен сайлауда Александр Лукашенко 86,82% дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл оның президенттік қызметтегі 7 мәрте жеңісі.