Трамптың көші-қон саясатының қатаңдауына байланысты АҚШ-тағы қазақстандықтарға ескерту жасалды
АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі Америка Құрама Штаттарында көші-қон саясатының қатаңдауы мен ел шекарасын қорғау және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шараларға байланысты мәлімдеме жасады.
Елшілік AҚШ аумағында жүрген қазақстандықтарға америкалық билік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
«Құрметті Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары!
Қабылданып жатқан шаралар елге заңсыз кірген шетел азаматтарына (қолданыстағы виза немесе грин-картасы жоқ тұлғалар) және АҚШ аумағында заңсыз жүрген мигранттарға қатысты.
Бұл шаралар аясында қамауға алу, елден шығару, елге қайта кіруге тыйым салу, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақылар мен жұмысқа рұқсат құжаттарын тоқтату секілді санкциялар салынады.», – делінген хабарламада.
AҚШ билігі заңсыз жүрген (виза немесе грин-картасы жоқ тұлғалар) шетелдіктерге елден ерікті түрде шығу мүмкіндігін ұсынып отыр. Елшілік өкілдері AҚШ-та заңсыз жүрген азаматтарға елден өз еркімен шығу арқылы депортация және қайтадан виза алу кезінде қиындықтарға тап болмау мүмкіндігі берілетінін атап өтті.
Бұдан бөлек тағы бірнеше өзгерістер енгізілді:
- «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді: AҚШ пен Мексика шекарасын заңсыз кесіп өткен және АҚШ-тан баспана сұраған мигранттар сот шешімін күткенше, Мексика аумағында қалуға міндеттеледі.
- «Ұста және босат» бағдарламасының күші жойылды: бұдан былай шекарада ұсталған мигранттар сот шешімін күтпей, АҚШ аумағынан босатылмайды. Олар арнайы орталықтарда ұсталады, өз еліне қайтарылып немесе үшінші елдерге жіберіледі.
- CBP One қосымшасын қолдану тоқтатылды: бұрын бұл қосымша шетелдіктерге шартты түрде елге кіру үшін қолданылатын, бірақ енді бұл мүмкіндік жойылды.
Қазақстан елшілігі АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға заңға қайшы әрекеттерден аулақ болу, көші-қон құжаттарының мерзімін қадағалау және қажет болған жағдайда, елшілікке хабарласуды ұсынады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ-тың оңтүстік шекарасы арқылы мигранттардың кіруіне тыйым салатын жарлыққа қол қойған еді. Сондай-ақ АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байденнің кезінде қабылданған 78 шешімді жоятын жарлыққа қол қойды.