МӘМС-ке төленген қаражат қандай жағдайда қайтарылады?
Бірнеше жерде жұмыс істейтін адамның МӘМС жүйесіне төлеген жарнасы мемлекет бекіткен нормадан асып кетсе, артық қаражатты қайтаруға құқы бар. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
Депутат Ерлан Саиров министрден екі немесе үш жұмыста қызмет ететін адамдардың жарна төлеу тәртібі туралы сұрады.
«Егер азамат екі жерде жұмыс істесе, жарна екі жерден төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға жүгінбесе, ақшасы сол күйі пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз ғой. Меніңше, әр адамға МӘМС бойынша төлемдерді бақылап, басқару әрі қандай қызмет алатыны жөнінде ақпарат алу құқы берілуі керек. Бұл ақшаны азаматтар қажет кезде медициналық қызмет алу үшін өз ақшасы секілді пайдалануы керек», – деді депутат.
Ақмарал Әлназарова сақтандыруы бар адамдарға медициналық қызмет қайткен күнде де тегін көрсетілетінін айтты. Ал екі немесе үш жерде жұмыс істейтіндерден сақтандыруға барлық жұмысынан жарна ұсталады. Бірақ жарна көлемі 850 мыңнан асып кеткен жағдайда, ол азамат артық қаражатты сақтандыру қорынан қайтаруға өтініш бере алады.
«Екі немесе үш жерде жұмыс істейтін азаматтардың барлық жерден жарнапұлдары ұсталады. Бірақ барлығын қосқанда ол 850 мың теңгеден, яғни 10 еселенген ең төменгі жалақы көлемінен аспауы керек. Асқан жағдайда ол адам МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беріп, үстіндегі қаражатты қайтаруға мүмкіншілігі бар», – деді министр.