Алматыда талай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған көп қабатты паркинг сүріледі

Жарияланды (жаңартылды )
паркинг
Әл-Фараби-Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан паркинг құрылысы сүріледі / Фото: shutterstock

Әл-Фараби даңғылының бойында талай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған көлік тұрағы сүріледі. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Меңдіқұлов бульварының батысында аяқталмаған көп деңгейлі паркингтің бұзылатыны жөнінде хабарлайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «СЕРТ» АҚ бұл учаскеде паркинг салуға 2007 жылы кіріскен. Бірақ 2 жыл өткен соң, құрылыс жұмыстары күрт тоқтап қалған. 2009 жылдың аяғына қарай паркингтің небәрі 2 деңгейі ғана салынған.

Ал 2015 жылы компанияның жер пайдалану жөніндегі құқығы тоқтап, «Сейсмостройзащита» ЖШС мамандары объектінің тірек және қоршау конструкцияларына тексеру жүргізген. Мамандар бұл нысанды құрылыс жүргізуге жарамсыз деп таныған.

«Сейсмостройзащита» негізгі тірек конструкцияларының техникалық жай-күйіне қатысты қорытынды әзірлеп, қолданыстағы конструкцияны бұзу туралы ұсыныс енгізген.

Сарапшылар қорытындысынан кейін басқарма сотқа құрылысы аяқталмаған нысанды бұзу туралы арыз түсірген. Сот 2018 жылдың 25 сәуірінде басқарма арызын қанағаттандырған.

«Аяқталмаған нысанды бөлшектеу бүгін (27 қаңтарда, «Курсив») басталды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ соттың шешімі бойынша Радлов көшесі, 9/1 учаскесі бойындағы аяқталмаған ғимарат та сот шешімімен сүріле бастаған.

Айта кетейік, 2024 жылдың 20 қаңтарында Черновицкая көшесінде орналасқан заңсыз нысан сүрілген болатын. Бұл ғимарат иесі нысанды ерікті түрде бұза бастаған.

Бұдан бөлек қалада заңсыз салынған тұрғын үй кешендері де сүріліп жатыр. Олардың қатарында «Мечта», KHAN, «Алма Гарден», Monblanc элиталы қымбат тұрғын үй кешендері бар.  

Сондай-ақ оқыңыз