Әуе билеттерінің қымбат болуына әуежайлар жауапты емес – Гокер Косе

Жарияланды (жаңартылды )
аэропорт алматы
Бүкіл әлемде әуежай алымы әуекомпаниялардың шығынының тек қана 4%-ы болады/фото: KursivMedia мұрағаты

Алматы әуежайының президенті Гокер Косе әуежайлық қызмет көрсетудің билеттердің құнына қалай әсер ететіні жайында пікір білдірді. Оның пікірінше, әуежайлар авиабилеттерге жоғары баға  қалыптастыруға қатыспайды. Бүкіл әлемде әуежай алымы әуекомпаниялардың шығынының тек қана 4%-ы болады.

«Біздің нарықта Қазақстанның ішкі авиакомпаниялары Азиядағы ең төмен әуежайлық алымдардың бірін пайдаланады. Бұл елдің авиациялық секторы үшін айтарлықтай бәсекелестікті артықшылық болып табылады. Бұдан өзге, олар үшін жергілікті авиациялық отын төмен бағада тікелей қол жетімді», – деді Гокер Косе.

Әуежай президенті «билеттердің жоғары бағасына әуежайлар жауапты» деген пікірді терістеп отыр. Оның сөзіне қарағанда, әуекомпаниялар шығынының басым бөлігі авиациялық отынға жұмсалады. Бүкіл әлемде солай.

Әуежайда қаржылық мәселе туындай ма?

«Қазақстанның жағдайы әлемдік тәжірибеден айырмашылығы жоқ екенін атап өту маңызды. Авиакомпаниялар шығындарды басқарудың түрлі тетіктерін пайдалана отырып, билеттердің бағасын оңтайландыра алады. Бірақ әуежайлардың қаржылық жағдайының нашарлауы авиакомпаниялар үшін де, соңғы жолаушылар үшін де жағдайды жақсартуға ықпал етпейді», – дейді Гокер Косе.

Оның пікірінше, барлық мүдделі қатысушылар, оның ішінде мемлекеттік органдардың саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдерді іздегені абзал.  

Биыл 11,4 миллион жолаушыға қызмет көрсетілген

«Соңғы үш жылда біздің саланың тарихындағы ірі дағдарыс жағдайында Алматы әуежайындағы жаңа терминал мен нысандардың құрылысына 200 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салдық. Жолаушыларымызға ең жақсы саяхат тәжірибесін ұсыну үшін осы істі жалғастырып жатырмыз», – дейді әуежай президенті.

Оның айтуынша, 2024 жылы Алматы әуежайы рекордтық көрсеткішке жеткен. Бір жылдың ішінде 11,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Жаңа бағыттар ашылып, жаңа әуекомпаниялар тартылған.

«Бұл барлық мүдделі тараптармен ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайы Қазақстанның авиациялық саласын дамытуға байланысты мәселелерді шынайы және ашық талқылауға дайын және нарықтың барлық қатысушылары мен жолаушылардың игілігі үшін жұмыс істеуін жалғастыра береді», – деді Гокер Косе.

Мұның алдында Көлік министрлігінің әуежайда кімнің және қандай шарттарда қызмет көрсете алатынын реттейтін ережелерге өзгерістер енгізгенін жазғанбыз. Жаңа ереже бойынша қазақстандық әуежайлардағы қызмет көрсететін отандық бизнестің үлесі кем дегенде 50% болуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз