Еуроодақ қазақстандық сұйытылған газды неге шекарадан өткізбей отыр
Еуроодақ шекарасында, атап айтқанда, Беларусьтің Польшамен шекарасында қазақстандық кеніш – Теңізден шыққан сұйытылған көміртекті газ тиелген вагондар жиналып қалған.
Өйткені Польша кедені мұның қазақстандық газ екеніне күмән келтірген. Олардың пікірінше, қазақстандық газ деген сылтаумен ресейлік газ Еуропаға сатылуы ықтимал.
Польша кедені құжаттарды жіті тексеріп жатыр
«Нефть и капитал» басылымының жазуынша, Еуроодақ кеденшілері Қазақстаннан Еуропаға тасымалданып жатқан цистерналарды тоқтатқан. «Брест-Центральный», «Брест-Восточный» және «Барановичи-Центральный» атты шекара бекеттерінде Қазақстаннан келген жүздеген цистерналар кептеліп тұр.
«Бұл мұнай газын «Теңізшевройл» шығарады, бірақ ЕО оны кіргізбейді. Себебі польшалық кеденшілер газдың шынымен қазақстаннан шыққанына көз жеткізу үшін құжаттарын жіті тексеріп жатыр», – деп жазады басылым.
Ресейлік ақпарат құралының жазуынша, темір жолда кешеуілдеудің кесірінен сұйытылған газды тасуға цистерналар қазірдің өзінде жетпей жатқан көрінеді. Бұл «Теңізшевройл» жұмысына кедергі келтіруі ғажап емес.
Эмбарго әлегі
Ресейлік сұйытылған газға Еуроодақ жариялаған эмбарго 2024 жылдың 20 желтоқсанынан бері күшіне енген.
Сонымен қатар мақалада Қазақстандағы Теңіздің 75% акциясы Chevron және ExxonMobil америкалық компанияларға тиесілі екені айтылған.
Мұның алдында ЕО-ның Ресейдің алюминийі мен сұйытылған мұнай газына тыйым салып, жаңа банктерді SWIFT жүйесінен ажыратуды көздеп отырғаны жайында жазғанбыз.