Қазақстанның газы болашақта TAPI арқылы Үндістанға жеткізілуі мүмкін –  QazaqGaz келіссөз жүргізіп жатыр

Жарияланды
Келіссөз аясында үшінші тарапқа ақпаратты жарияламау міндеті көрсетілген/фото: voanews.com

Қазақстан Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (TAPI) газқұбырын салу жобасына қатысуға мүдделі. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, еліміздің атынан «Туркменгазбен» QazaqGaz келіссөз жүргізіп жатыр.

«Интерфакс-Қазақстанның» жазуына қарағанда, тараптар арасында ақпаратты жарияламау туралы келісім бар.

«Қазіргі таңда «QazaqGaz ҰҚ» АҚ және «Түркіменгаз» АҚ арасында келіссөз жүріп жатыр. Екі елдің шаруашылық субъектілері арасындағы келіссөз аясында үшінші тарапқа ақпаратты жарияламау міндеті қарастырылған. Осыған орай, толық ақпарат беру мүмкін болмай тұр», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанның Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенжанов 2024 жылдың 4 қазанында өткен «Қазақстан-Ауғанстан» бизнес-форумында Қазақстанның TAPI құрылысына қатысуға мүдделі екенін, түркімен тарапымен келіссөз өтіп жатқанын мәлімдеген болатын.

«Бұл жобаға қазақстандық компания қосылған жағдайда, екі ел арасында газ саласындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективасы ашылады», – деген еді Ақкенжанов.

TAPI газқұбырының жалпы ұзындығы 1,814 мың шақырымға созылады. Оның 214 шақырымы – түркімен жерімен, 774 шақырымы – Ауғанстанның, 826 шақырымы Пәкістанның аумағымен өтіп, Үндістан шекарасына дейін жетеді. Яғни, Түркіменстанның оңтүстігіндегі алып газ кеніші – Галкыныштан басталып, Ауғанстанның Герат және Қандағар, Пәкістанның Кветт және Мултан қалалары арқылы өтіп, Үндістанның батысындағы Фазилка қаласына дейін созылады. Жобалық қуаты – жылына 33 млрд текше метр газ. Галкыныштың қорында 27,4 трлн текше метр газ бар деп бағаланып отыр.  

TAPI Pipeline Company – газқұбыры құрылысы жобасының операторы. 85% үлеспен «Түркіменгаз» – бұл компанияның мажоритарлық акционері. Одан бөлек, TAPI Pipeline Company-дің акционерлерінің қатарында, «Ауған газ корпорациясы», пәкстандық Inter State Gas Systems (Private) Limited және үндістандық GAIL бар. Аталған компаниялардың әрқайсысына 5%-ы тиесілі.  

Алдын ала бағалау бойынша, бұл газ құбырының жалпы құны – 10 млрд доллар.

Мұның алдында 2024 жылдың 11 қыркүйегінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Түрікменстанның Мемлекеттік министрі – «Түркіменгаз» мемлекеттік концернінің төрағасы Мақсат Бабаевпен кездесіп, екі ел арасында газ саласындағы ынтымақтастық, бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылағаны туралы жазғанбыз. 

Сондай-ақ оқыңыз