ҚНРДА Қазақстандағы барлық банктің ереже бұзғанын анықтады – 170,8 млн теңге айыппұл салынды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылы Қазақстандық банктердің барлығының ұйғарымды бұзғанын анықтады. Микроқаржылық ұйымдар тіпті көп бұзған.
Агенттіктің есебінше, бір жылдың ішіндегі ереже бұзушылық дерегінің ұзын-саны – 835. Банктерге соның 91 тиесілі. Пайызға шаққанда – 10,9%. Жыл бойы еліміздегі әр банк кем дегенде бір рет агенттіктің ұйғарымын бұзыпты. Бұл үшін құзырлы орган 8 ереже бұзушылыққа жаза қолданса, 45-іне ескерту жасаумен шектеліп отыр. Банктерге жалпы көлемі 170,8 млн теңге болатын 38 айыппұл салынған.
Қай банк көп айыппұл төледі?
2024 жылы ереже бұзып көп көзге түскен банк Home Credit Bank болып отыр. Төрт ұйғарымды бұзғаны үшін бұл банк 46,1 млн теңге айыппұл арқалаған. Тағы бір айыппұлдың қанша екенін ашық айтылмады.
Содан кейін Bereke Bank пен Bank RBK тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұйғарымын 16 мәрте бұзған. Bereke Bank сол үшін жалпы көлемі 13,4 млн теңге болатын 6 айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Bank RBK болса, бір жыл ішінде 13 рет бұзып, 22,2 млн теңге айыппұл төлеген.
ADCB ислам банкі мен Altyn Bank ең заңды сыйлайтын банктер болып отыр. 2024 жылы реттеушіден тек бір ғана жазбаша ұйғарым алған. Агенттіктің Қазақстанның банк секторына салған айыппұл көлемі 60,8 мыңнан 22,15 млн теңгеге дейін жетеді.
Микроқаржы ұйымдарының қайсысы антирекорд орнатты?
835 ереже бұзушылықтың 206-сы (24,7%) микроқаржы ұйымдарына тиесілі болып шықты. Агенттік 143 жағдайда тек ескерту жасапты. Десе де, қатаң шаралар да жоқ емес. Мәселен, 11 МҚҰ-ның лицензиясын тоқтатса, «Взаймы» деген ұйымнан мүлде қайтарып алған. 51 ереже бұзушылық үшін айыппұл салынған. 19 МҚҰ-ға жалпы көлемі 129,2 млн теңге болатын 36 айыппұл салыныпты.
Саны жағынан да, көлемі жағынан да, ең көп айыппұл арқалаған Qanat finance көш бастап тұр. Бұл ұйым 7 рет жазаланып, 29,1 млн теңге төлеген. Одан кейінгі орынға Lending and Finance technologies жайғасып отыр. Оған екі ашық айыппұл салынып, 24,5 млн теңге өндірілген. Legal Money атты микроқаржы ұйымы айыппұл төлеу бойынша үштікке кіріп отыр. 2024 жылы 12,36 млн теңгесінен қағылған.