Микронесие алатындар азайып, бизнес кредиттер көбейді

Жарияланды
Ипотека мен автонесиелеу көлемі ұлғайды / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда микронесие алатындар саны азайды. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, жалпы несие портфеліндегі үлесі 36%-ға азайып, 89,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро басшысы Руслан Омаров мәлімдеді.

Омаровтың сөзінше, бұған Ұлттық Банктің кейбір ойыншылардың лицензиясын тоқтата тұруы немесе лицензиясын алып қоюы тәрізді қатаң шаралары әсер еткен.

Микронесие – 45 күнге дейін ғана берілетін борыш түрі. Бір жыл ішінде «жалақыға дейін» онлайн-несие алушылар саны 20,9%-ға азайып, 652,4 мың адамды құрады. Қазақстандықтар алатын микронесие көлемі орта есеппен – 72,3 мың теңге.

2024 жылдың ІІ жартысында нарықта микронесие ұсынатын ойыншылар саны 23%-ға азайған. Кейбір компаниялар бір жыл ішінде лицензиясынан айырылған, ал кейбірін компания өзі қайтарып берген.

«Бұл – Ұлттық Банктің микронесиелерді шектеу бойынша саясатының нәтижесі. Себебі микронесие қазақстандықтар үшін қымбат өнім түрі. Микронесиелер, әрине, керек, қаражат қажет жағдайда тез болады. Бірақ реттеуші микронесиелерді азайту бойынша саясат жүргізіп жатыр және бұл дұрыс та», – деді БКБ директоры Руслан Омаров.

Бизнес несие алатындар саны көбейді

Несие нарығындағы тағы өзгерістің бірі – бизнес-несиелердің көбеюі. 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша, бизнес-несиенің жалпы кредит портфеліндегі үлесі 54,5%-ға көбейіп, 436,1 млрд теңгені құрады.

Бизнес мақсатта несие алғандар саны да екі есе көбейіп, 625,3 мың адамды құрады. Ал келісім шарттар саны бірден 150,8%-ға көбейіп, 890,6 мыңға жетті. Бұл сегментте берілетін кредит көлемі орта есеппен – 489,6 мың теңге.

Қызығы, бизнес мақсатта кредитті ең көп беретін – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ). 2024 жылы МҚҰ 360 млрд теңгеге (83%) несие , банктер 39,1 млрд теңге(9%) қарыз берген.

Ең танымал несие түрі – тұтынушылық, авто және ипотека.

«Әрине, бірінші орында – кепілсіз тұтынушы кредиттер. Одан кейін екінші орында – ипотека және автонесиелеу. Егер сандарға қарасаңыз, 2023 жылы автонесиелеу 66%-ға, 2024 жылы 44%-ға өскен. Ипотека мен тұтынушы несиелер де рекорд жасап жатыр», – деді Руслан Омаров.

2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, тұтынушы несиелер көлемі 11,7 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл сегмент 22,9%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге көбейген. Ал келісімшарттар саны 31,5 млн данаға жетті. Орта есеппен азаматтар 371 мың теңгеге несие алады.

Қызығы, тұтынушылық несиелердің жартысына жуығын (5,3 трлн теңге) борышкерлердің 10%-ы (821 мың адам) алған. Олардың кепілсіз тұтынушылық несие бойынша алған несие көлемі орта есеппен 3,8 млн теңгені құрайды. 4,1 млн адам (жалпы борышкерлер үлесінің 50%-ы) орта есеппен 671 мыңнан аспайтын несие алған.

Ал ипотекалық портфель (2025 жылдың 1 қаңтары) 6,7 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде 14,1%-ға артқан. Ипотека алушылар саны 600 мыңға дейін жетті, келісімшарттар саны 627 мыңға дейін өсті. Орта есеппен қазақстандықтар 10,6 млн теңге ипотека алады. 2010 жылдан бері есептегенде, ең көп ипотека (жалпы ипотеканың 60%-ы) 2023-2024 жылдары берілген. Несие алу орташа мерзімі 13,2 жылды құрайды.

Ал автонесиелеу көлемі 44,8%-ға көбейіп, 3,6 трлн теңгені құрады. Автонесие алғандар саны 559,2 мың адамға жетті. Орта есеппен қазақстандықтар 8 млн теңгеге көлік алады. Автонесиені ең көп беретін – екінші деңгейлі банктер (70%, 1,2 трлн тг), екінші орында – МҚҰ (29,4%, 534 млрд теңге).

Өткен жылы Бас прокуратура елімізде онлайн несие алуға өтініштерді қарау мерзімін ұзартуды ұсынған. Бұл алаяқтықтың алдын алуға оң ықпал етеді деп түсіндірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз