Жаңалықтар

Perplexity AI Tiktok-ты сатып алу бойынша жаңа ұсыныс берді

Perplexity AI компаниясы Tiktok-ты сатып алуы мүмкін / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Америкалық Perplexity AI стартабы ByteDance-қа (TikTok-ты иеленетін компания) ұсыныс жасады. Бұл туралы AssociatedPress жазады.

Басылым осы келісімге қатысы бар құпия дереккөзге сілтеме жасаған. Оның сөзіне сенсек, ByteDance ұсынысты қабыл алатын болса, компанияның 50%-ын АҚШ үкіметі иеленетін болады.

Бұған дейін Perplexity 18 қаңтарға дейін ұсыныс жіберіп, инвесторлардың қатысуы арқылы TikTok операциялары мен Perplexity-ді қосу туралы айтқан еді. Бірақ оған жауап болмады.

Енді Дональд Трамп әкімшілігінің келуінен кейін ұсынысты қайта өзгертіп жіберген. TikTok жаңа ұсынысты қабыл алғаннан кейін, пайда болатын жаңа компания құны 300 млрд доллар деп бағалануы мүмкін. Ол активтің жартысына жуығын АҚШ үкіметі басқаратын болады.

Дереккөздің сөзінше, жоспар орындалса ByteDance пен TikTok арасындағы байланыс толығымен ажырамайды. Бірақ сервистің АҚШ-тағы операцияларын америкалық директорлар кеңесі басқарады.

TikTok-тың АҚШ-тағы жұмысы және компанияны сатып алу мәселесі былтырдан бері қызу талқыланып келеді. Өткен жылы АҚШ Конгресі қытайлық ByteDance компаниясын платформаны америкалық компанияға сатуға міндеттейтін заң қабылдаған.

Осыдан дейін әлеуметтік желінің жұмыс Америка аумағында бұғатталып, кейін Донадьд Трамп қайтадан жұмыс істеуіне рұқсат берген еді.

Perplexity AI — жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін іздеу жүйесі және чат-боты бар компания. 2022 жылы құрылған. 2024 жылы компания құны 9 млрд долларға бағаланып, 500 млн долларға қаржы тартқан еді.

Бұған дейін Дональд Трамп Трамп Stargate атты жаңа компания құрылатынын хабарлаған. Жаңа компания 500 млрд долларға инвестиция салады деген жоспар бар. Жобаны OpenAISoftBank және Oracle атты техноалпауыттар басқарады.