«Миллиондаған LIKE жинармын, бірақ ол популизм болады»: депутат Аймағамбетов МӘМС-ті тоқтата тұруды құптамады
Мәжіліс депутаты Нартай Арайлбайұлы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін 100% ретке келгенше тоқтата тұруды ұсынды. Депутат өйткені бұрынғы да, қазіргі жүйе де тиімді жұмыс істемей тұрғанын айтады. Ал Асхат Аймағамбетов мұны популистік ұсыныс деп атады.
Мәжілісмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың іске қосылғанына 6 жыл уақыт өтсе де, әлі реттелмегенін атап өтті.
«3-4 айлық балалардың да тісін емдедік деп қор ақша алып отырғанын көріп отырмыз. Былтыр Президент тапсырған медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы айтқан «жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін» бастамасы да жүзеге асқан жоқ»,- деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Депутат МӘМС-ті енгізу арқылы халықты сынақ алаңына салып жібердік деген пікірде. Сол себепті жүйені уақытша тоқтата тұру ең тиімді шешім екенін айтады.
«Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз«,- деп мәлімдеді ол.
Министр Ақмарал Әлназарова МӘМС жаңа жүйе, сондықтан кемшіліктер болады деп ақталды. Десе де ол олқылықтарды жоятынына сенімді.
Ал Асхат Аймағамбетов әріптесінің жүйені тоқтату туралы ұсынысын популизм деп санайды.
«Мен, әрине, бәрін тоқтатайық деп айтуыма болар еді, бірақ бұл менің тарапымнан жауапсыз мәлімдеме болар еді. Бұл жай популизм болар еді. Ал мен онымен айналысқым келмейді. Біз жауапты азаматтар ретінде бүкіл әлемде сақтандыру жүйесі бар екенін түсінеміз. Алайда қандай модель жүзеге асырылды, қаншалықты тиімді осы жағын қарау керек. Өкінішке орай, бұл бізде тиімсіз болып отыр. Әрине, мен миллиондаған лайктарды жинау үшін айтуыма болар еді. Өйткені біздің азаматтар жүйеден шынымен көңілі қалған», – деп жауап берді Аймағамбетов.