Қор нарығы: АҚШ-та тұрғын үй нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін

Жарияланды
Фото: shutterstock

АҚШ-та тұрғын үй нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ал импорттық баж салығы өссе, электроника бағасы қымбаттайды. Темір кені бағасының төмендеуі нарықты қалпына келтіруге кедергі келтіріп отыр. 27 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

АҚШ нарығында жаңа тұрғын үй көп, бірақ сатып алушы жоқ

Market Watch хабарлауынша, АҚШ-та тұрғын үй бағасы тым аспандап кетті. Тарихи тұрғыдан жоғары деңгейге жетті десе де болады. Бұған дейін клиенттер үшін тұрғын үйлер мұншалықты қолжетімсіз болмаған.

24 қаңтардағы дерекке сәйкес, елдегі ипотеканың орташа пайыздық мөлшерлемесі 7,11%-ды құрады, ал үйдің орташа бағасы – 427 мың доллар.

Santander U.S. бас экономисі Стивен Стэнли сату көлемінің төмендігін атап өтті. Жаңа үйлердің көбі 2024 жылдың көктемінен бері нарықта сатылмай тұр. Тіпті түрлі жеңілдіктерге қарамастан, сатып алушы табылар емес.

«Ипотекалық несиелер мөлшерлемелері әлі де жоғары. Сондықтан сатылымның айтарлықтай өсе қоюы екіталай. Ал еңбек нарығының әлсіреуі ықтимал сатып алушылар ағынын шектейді», – деп түсіндірді Pantheon Macroeconomics компаниясының АҚШ бойынша аға экономисі Оливер Аллен.

Ал қайталама нарықтағы жағдай басқаша. Мұндағы арзан үйлер үлесі 16,2%-ға өскен. Сатып алушылар да көбірек таңдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Белсенділік жоғары.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа үйлердің сатылмай тұруы құрылыс компанияларын банкротқа ұшыратуы мүмкін. Бұл АҚШ тұрғын үй нарығын дағдарысқа әкелуі ықтимал.

АҚШ-та импорттық баж салығы өссе, электроника бағасы қымбаттайды

Алдағы сенбіде Дональд Трамп Қытай, Канада және Мексикадан әкелінетін импортқа қандай баж салығын енгізетінін жариялайды. Сарапшылар Қытай импортына салынатын баж салығы көтерілсе, қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін есептеп жатыр.

CNBC мәліметінше, баж салығын 60%-ға арттырса ноутбуктер мен планшеттердің бағасы 45%-ға, ойын приставкалары – 40%-ға, ал смартфондар 26%-ға қымбаттауы мүмкін. CTA мәліметіне сенсек, смартфонның орташа бағасы 213 долларға өседі.

«Бұл сатылым көлеміне әсер етеді. Демек, әрбір тауар едәуір қымбаттайды», – деп түсіндірді CTA бас директоры Гэри Шапиро.

Қытай электрониканың ең ірі импорттаушысы болып қала береді. Смартфондардың 78%-ы, ойын консолдерінің 87%-ы және ноутбуктердің 79%-ы Қытайда өндіріледі. Сонымен қатар Аспанасты елінен әкелінетін тауарлардың төрттен бірін электроника құрап отыр.

Мексикадан келетін импортқа баж салығын енгізу Қытайдың айналма жолдарын жабады. Бұл туралы Proxima компаниясының атқарушы вице-президенті Саймон Гил айтты. Оның пікірінше, қытайлықтар АҚШ-тың оңтүстік шекараларында зауыттар ашып, сол жерде өнім шығаруды бастаған.

Халықаралық сауда комиссиясының деректері бойынша, Мексикадан АҚШ-қа электроника импорты 2019 жылғы 86 млрд доллардан 2023 жылы 103 млрд долларға дейін өскен. Бұл жалпы импорттың шамамен 18%-ын құрайды. Ал Қытайдан сол жылы 146 млрд долларға электроника жеткізілген.

Темір кені бағасының төмендеуі нарықты қалпына келтіруге кедергі келтіріп отыр

Market Watch хабарлауынша, темір кенінің бағасы төмендеген сайын тау-кен компанияларының акциялары құнсыздана түсті. Болат өндіру өнеркәсібі үшін әлемдік ең ірі шикізат жеткізуші – бразилиялық Vale компаниясы дүйсенбіде нарықтық капиталынан 17 млрд доллар жоғалтып, 2020 жылдан бергі ең төменгі құнына жетті. Vale акциялары Сан-Паулу биржасында 0,9%-ға арзандады.

23 қаңтарда компания нарықтық құны бойынша Бразилияның үшінші ірі жария компаниясы позициясынан айырылып, оны электрлік және өнеркәсіптік жабдықтар өндіретін Weg SA компаниясына берді. Соңғы 12 айда Vale акциялары 24%-ға арзандаған. Компания табысының 80%-ы кен сатылымынан түседі. 2024 жылы Қытай экономикасының баяулауы аясында оның бағасы төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз