Жаңалықтар

Қытайлық ChatGPT миллиардерлердің табысын азайтты. Тізімде Илон Маск та бар

Apple ірі технологиялық компаниялар арасында оң нәтиже көрсеткен жалғыз ұйым болып отыр/фото: Shutterstock

Қытайдың DeepSeek стартапы Forbes тізіміндегі бірнеше миллиардердің байлығын айтарлықтай азайтты. ChatGPT-ның қытайлық баламасы туралы жаңалық технологиялық компанияларға қатты соққы берді. Сөйтіп жасанды интеллект технологияларына инвестиция құюға желпініп отырған инвесторларды біршама ойландырып тастады.

Ең көп шығынға ұшырағандардың қатарында Oracle-дың негізін қалаушы Ларри Эллисон мен Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг бар. Екеуі жалпы алғанда шамамен 50 млрд доллар жоғалтты. Ал Apple, керісінше, ірі технологиялық компаниялар арасында оң нәтиже көрсеткен жалғыз ұйым болып отыр. Оның бас директоры Тим Куктың байлығы әжептәуір өскен.

Сонымен Forbes 27 қаңтарда акция сатудан ең көп шығынға ұшыраған он миллиардердің тізімін жариялады. Олар:

– Oracle директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисон (27,6 млрд доллар шығын);

– Nvidia басшысы Дженсен Хуанг (20,8 млрд доллар шығын);

– Dell басшысы Майкл Делл (12,4 млрд доллар шығын);

– Google-дың негізін қалаушы Ларри Пейдж (6,3 млрд доллар шығын);

– Google-дың негізін қалаушы Сергей Брин (5,9 млрд доллар шығын);

– Google-дың бұрынғы инвесторы Андреас фон Бехтольшайм (5,4 млрд доллар шығын);

– Tesla басшысы Илон Маск (5,3 млрд доллар шығын);

– Interactive Brokers директорлар кеңесінің төрағасы Томас Питерфи (4,1 млрд доллар шығын);

– Broadcom директорлар кеңесінің төрағасы Генри Самуэли (3,7 млрд доллар шығын);

– Broadcom-ның негізін қалаушы Генри Николас III (2,8 млрд доллар шығын).

Аса танымал емес қытайлық DeepSeek R1 генеративті жасанды интеллект үлгісінің ChatGPT (OpenAI) мен Gemini (Google) өнімдерімен бәсекелесе алатыны туралы жаңалықтардан кейін, қор нарығы көп өзгеріске ұшырады. Дәлірек айтсақ, DeepSeek оқиғасы ірі америкалық компаниялардың құнына қатысты күмәнді қоюлатып жіберді.

«Қытайлық бәсекелестің пайда болуы АҚШ-тың осы саладағы үстемдігіне үлкен қауіп төндірді», – деп жазды Forbes.