Ысырапшылдықпен күрес: Қырғызстан киітке, құдалыққа, марқұмға ас беруге тыйым салмақ
Қырғызстанда мерекелерді өткізу кезінде ысырапшылықты шектейтін заң жобасы жарияланды.
Kaktus.media заң жобасына бастама болған депутаттар Шаирбек Ташиев пен Замирбек Мамасадыков соңғы уақытта дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар негізсіз бәсекелестік пен мақтаншылық құралына айналып бара жатқанын атап өткенін жазды.
Депутаттар бұрын тойлар мен жерлеу рәсімдері халықтың батасын алу үшін өткізілсе, қазір олар бәсекелестікке құралып, материалдық аспектілерге ауып кеткенін айтады.
«Қонақтар қанша әкеледі?», «мен олардың тойына көп шығындалдым, енді олар маған сондай етіп қайтарады ма?» немесе «жиналған ақша шығынды жабуға жете ме?» деген сұрақтар негізсіз бәсекелестікке себеп болуда. Көбінесе отбасылар мұндай іс-шараларды өткізу үшін несие алады, бұл ажырасу сияқты қиратушы салдарға әкеледі», – делінген түсіндірме жазбада.
Депутаттар осыған байланысты төмендегідей шектеулерді ұсынып отыр.
Марқұмды жерлеу
Марқұмды жерлеу рәсімін өткізуде қатысушылар санына шектеу қойылмайды, бірақ ұсақ мал, жылқы немесе мүйізді ірі қара мал союға тыйым салынады.
Марқұмды жерлегеннен кейін, үш күн өткен соң, Құран оқып, еске алу рәсімі өткізілуі мүмкін. Онда тек бір жылқы немесе сиыр союға рұқсат.
Үш күндік, жеті күндік, қырық күндік, жылдық асты беруге тыйым салынады.
Отбасылық салт-жоралғылар, тойлар мен дәстүрлер
Үйлену тойы бір ірі қара мал сойып, 250 адамнан аспайтын қатысушымен өткізіледі.
Қыз ұзатуға бір ірі қара мал сойып, шақырылатын қонақ саны 100 адамнан аспауы шарт.
Егер екі той бірге өткізілсе, бір ірі қара мал сойып, 350 адамға дейін қонақ шақыруға рұқсат.
Жоғарыда аталған салт-жоралғылар мен дәстүрлерді өткізу кезінде құдалық жасауға, киіт кигізуге тыйым салынады.
Діни салт-жоралғылар
Үлкен немесе кіші қажылыққа аттанушылар мен қайтып келгендерді шығарып салу мен қарсы алу рәсімдері тек отбасы шеңберінде өткізілуі мүмкін. Артық шығындарға әкелетін салт-жоралғыларға тыйым салынады.
Сондай-ақ депутаттар әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне осы заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастыруды ұсынады.
Заң талаптарын бұзған азаматтарға 300 мың сом (1 млн 773 мың тг) айыппұл салынуы мүмкін. Кафе мен мейрамхана иелері 100 мың сом (591 мың тг ) айыппұл төлейді. Жерлеу және еске алу рәсімдерін өткізу ережелерін бұзған азаматтарға 200 мың сом (1 млн 182 мың тг) айыппұл салынады.
Бұған дейін, Қырғызстанда компаниялардың атауына діни сөздерді қолдануға тыйым салынған болатын.