Қосымша құн салығы өскенде, жәрдемақы мен зейнетақы қаншаға көтеріледі
Қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру кезінде бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы, жәрдемақы мөлшері де артады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Егер реформа қазір талқыланып жатқандай көлемде жүзеге асырылатын болса, әрине, атаулы әлеуметтік көмекті арттырамыз. Оған мұқтаж барлық адамды қамтимыз. Барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысын, зейнетақыларын индексациялаймыз. Негізгі идея – бұл реформаны аз қамтылғандар сезінбейтіндей етіп жасау», – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, индексациялау міндеті реформаларды, әсіресе, шығындарға байланысты өзгерістерді қолға алғанда, әрдайым алға шығатынын айтады. Сондықтан бұл мәселеге Үкімет сақтықпен қарайды.
Ұлттық экономика министрі түрлі есептеулер бойынша қосымша құн салығы мөлшерлемесінің көтерілуі кәсіпорынға орташа 4%-ға жүктеме түсіретінін айтып, осыған байланысты қымбатшылық та сол шамада болуы мүмкін деп болжайды. Демек еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақыға қосылатын үстемақы мөлшері де 4 пайыз шамасында болуы мүмкін.
Айта кетейік, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлеуі мүмкін екенін белгілі болды.