Жаңалықтар

Тоқаев: Арандату тудыратын ақпарат үшін жауапкершілікті заңмен бекітуді ойластыру керек

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қ.Тоқаев цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп бара жатқанына назар аударып, арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керектігін айтты.

Президенттің айтуынша, қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау әрекеттері белең алып келеді.

«Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек» деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.

Қ.Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиістігін ескертті.

Сондай-ақ ол қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келетінін атап өтті. Оның сөзінше, статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді.

«Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек» деді ол.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеттің төрағасы Ермек Сағымбаев арандату фактісін әшкерелеу қиын екенін атап өтіп, 2024 жыл басынан бері жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырған 330 желі пайдаланушылары анықталғанын айтқан.