Оралда ұшақ құстармен соқтығысты. Air Astana мәлімдеме жасады
2025 жылғы 26 қаңтарда FlyArystan әуекомпаниясының Орал – Астана бағыты бойынша ұшағы Орал қаласының әуежайынан ұшқан кезде құстар тобымен соқтығысқан. Air Astana компаниясы ұшақ жүйелері мен қозғалтқыштарының жұмысында ауытқу байқалмағандықтан, экипаж ұшуды жалғастырып, Астана қаласының әуежайына штаттық режимде қонғанын мәлімдеді.
Әуе компаниясының ақпаратынша, ұшақ қозғалтқышындағы компрессор қалақшалары мен фюзеляжға зақым келген. Сондай-ақ құстардың қалдықтары қозғалтқышта және басқа жерлерде тұрып қалған.
Орал әуежайында осы сияқты оқиғаларды болдырмау мақсатында құстардың түрлерін анықтау үшін ДНК-тестілеу жасалғалы жатыр.
Air Astana компаниялар тобы Қазақстан әуежайларында жабайы табиғатты басқару бағдарламаларын жақсарту үшін халықаралық сарапшылармен белсенді ынтымақтастық жасайтынын мәлімдеді.
Компания мәліметінше, елдегі мұндай оқыс оқиғалардың деңгейі IATA деректері бойынша әлемдік көрсеткіштен едәуір асып түседі. 2024 жылы Air Astana компаниялар тобында 10 мың ұшуға құстармен соқтығысу көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 203 оқиғаны құраған.
Бұған дейін, Ақтау маңындағы азербайжандық ұшақ апатының алдын ала себебі осы аптада айтылатыны хабарланған.
Бастапқыда ұшақ апатына құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін деп айтылғанымен, кейін ұшақ апатына зымыран соққысы әсер еткені айтыла бастады. Әзербайжан тарапы жуырда сенімді дереккөздер бұл тұжырымды растағанын мәлімдеген.