Қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлеуі мүмкін
Үкімет Салық жүйесін реформалау аясында қосымша құн салығын көтеруге ниетті. Бұл мәселе алдымен сарапшылар және сала өкілдерімен кеңінен талқыланбақ. Сонымен қатар Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Қазір бұл меже 78 миллион теңгені құрайды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында қосымша құн салығын көтеруді көздейтін салық реформасын ресми түрде таныстырды. Оның айтуынша, кейінгі жылдары қосымша құн салығының мәні бұрмаланған.
Қосымша құн салығын көтеру мәселесі
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығы мөлшерін көтеру керек деген. Алайда оның нақты қаншаға көтерілетінін айтпады. Егер ҚҚС көтерілетін болса, әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемін төмендеуі тиіс.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағаринның айтуынша, қазір бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40%-ға дейін жетеді. Бұл тауардың өзіндік құнына әсер етеді.
«Бұл ретте ҚҚС мөлшерлемесін көтерер болсақ, біз жұмыс берушінің әлеуметтік салығы және міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10%-дан 30%-ға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады», – деді ол.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл мәселе Үкімет қабырғасында талқыланып жатқанын жеткізген.
Қосымша құн салығының шекті мөлшері өзгермек
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету жоспарланған.
«Бұған дейін ҚҚС ставкасы 20%-дан 12%-ға, ал корпоративтік салық ставкасы 30%-дан 20%-ға дейін төмендеткен салық реформалары – қате шешім болды. Осы салық жеңілдігі мен салық әкімшілігіндегі жеңілдіктердің салдарынан бюджетке түсетін салық азайды. Заң шығару саласында салықты оңтайландыруға арналған құқықтық олқылықтар пайда болып, бизнес бөлшектене бастады. Осыған байланысты ҚҚС-ты есепке алу тоқтап, ҚҚС тиімді 12% мөлшерлемемен бөлшек сауда салығына айналды», – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ШОБ субъектілерінің 80%-ы осы шек аясында жұмыс істейді. Ал тіркелген 2,3 миллионнан астам салық төлеушінің тек 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана ҚҚС төлейді. Осылайша Үкімет бюджетті қосыша салықпен толықтырмақ.
Өйткені қазір қаржы айналымы 78 млн теңгеден асатын бизнес қана ҚҚС төлейді. Енді Үкімет қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіп иелері де қосымша құн салығын төлеуге тиіс болады .
Бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесіне реформа қажет екенін айта келіп, қазіргі міндет – бюджетке Ұлттық қордан аударылатын трансферттерді азату деді.