Банк пен қаржы

«Самұрық-Қазына» қорының тағдыры ақпан айында шешілуі мүмкін

Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалау керек деп мәлімдеді. Өйткені қорды жетілдіру жұмысы баяу жүріп жатыр Бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылғанымен, оны сәтті деп атамады.

Қор жұмысын реформалау мәселесі ақпан айында талқыланбақ.

«Бұл маңызды міндет. Жұмыс жақсы жүріп жатыр деп айту қиын. Қордың қызметін ақпан айында арнайы талқылайтын боламыз», – деді ол.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 2008 жылы құрылған. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Қазір қор иелігінде мұнай-газ, әуе тасымалы, энергетика және өнеркәсіп саласындағы ірі 26 компанияның үлесі бар.

Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», ҚТЖ, QazaqGaz, Самұрық Энерго», KEGOC, Қазпочта, «Қазақтелеком» мен олардың еншілес ұйымдары тұр.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» 2024 жылы мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге бөлгенін хабарлаған. Алайда қазақстандық сарапшылар бюджетке қомақты қаржы аударып отырған қор Үкіметтің қосымша «қоржынына айналды» деп сынға алған.