Бішкек хайуанаттар бағында бірнеше жануар өртеніп кетті

Жарияланды 28 Қаңтар 2025 16:02

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Бішкек хайуанаттар бағында өрт болып, бірнеше жануар өлді
Бішкек хайуанаттар бағында өрт шығып, бірнеше жануар өртеніп кетті / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қырғызстан астанасы Бішкектегі хайуанаттар бағында өрт болып, алты маймыл мен бір кенгуру өлді. Бұл туралы 24kg басылымы жазды.

«28 қаңтарда Бішкектің Октябрь ауданындағы хайуанаттарды оңалту бағында өрт шықты. От ағашпен қапталған контейнерде тұтанған. Сағат 08.50 шамасында өрт толығымен сөнді. Салдарынан алты маймыл мен кенгуру өртеніп кетті», – делінген Қырғызстан Төтенше жағдай министрлігінің хабарламасында.

Елдің төтенше жағдайлар министрлігі өрттің себептерін әлі анықтап жатқанын атап өтті. Алайда мекеме директоры Владислав Шевченко электр сымдарындағы кернеуден шыққан болуы мүмкін екенін айтқан.

Оның сөзінше, вольерді жылы ұстау үшін қыс мезгілінде едендер мен қабырғаларға электр тогы арқылы жылу тартылған. Әсіресе, тропикалық жануарлар үшін бір қалыпты температура сақтап тұру аса маңызды. Алайда осы жылу жүйесінен өрт шығып, көрші вольерге өткен.

Директордың сөзінше, төрт маймыл, екі мееркат, кенгуру және макав попугайы өртеніп кеткен. Алдағы күндері хайуанаттар бағы жабық болады.

Айта кетейік, 10 қаңтарда Алматыдағы хайуанаттар бағында 25 жыл өмір сүрген керік те өліп қалғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз