Хасан Қасымбаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалған
Талғарлық «Хуторские» қылмыстық тобына қатысы бар деп танылған Хасан Қасымбаевтың үстінен қозғалған істер саны кемімеген, керісінше артқан. Ол қазір қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша күдікті болып отыр: адам ұрлау, бопсалау және денсаулыққа зиян келтіру.
28 қаңтарда KursivMedia Алматы облысының полиция департаментінен келген жауапқа сүйене отырып, Хасан Қасымбаевқа тағылған екі айыптың бірі қысқарған болуы мүмкін екенін жазған. Себебі берілген жауапта Қасымбаевтың үстінен адам ұрлау бабы бойынша іс қозғалғаны жазылған, ал денсаулыққа зиян келтіру туралы бап жауапта көрсетілмеген.
Алайда материал жария болғаннан кейін, полиция департаменті алдыңғы берген жауабын толықтырып қайта жіберді. Оған сәйкес, Қасымбаевтың үстінен бір емес, үш бап бойынша іс қозғалып, бопсалау фактісі қосылған.
«Аталмыш азаматқа қатысты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу жүргізілуде. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін, іс материалдары тараптарға танысу үшін берілетін болады», — деп нақтылады полиция департаменті.
Полиция бұдан өзге ақпарат тергеу құпиясына байланысты жариялауға болмайтынын ескертті.
Айта кетейік, Талғарда Шерзат Полат есімді жасөспірім кісі қолынан қаза тапқаннан кейін «Хуторские» қылмыстық тобы туралы әңгіме тарап, оған Хасан Қасымбаев есімді азаматтың қатысы бары жазылып келді. Қасымбаевтың өзі ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын айтып ақталды. Дегенмен 2024 жылдың қараша айында полиция оны екі айға қамауға алды.