Жаңалықтар

Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді – Тоқаев бюджет шығындары туралы

Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді – Тоқаев бюджет шығындары туралы
Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді – Тоқаев бюджет шығындары туралы / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бюджет қаражатын үнемдеп, тек өзекті мәселелерге жұмсауға тапсырма берді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деді Тоқаев.

Президент білікті мемлекеттік қызметкерлер ел экономикасын тұралап қалудан сақтауы керек екенін атап өтіп, қазір күрделі кезеңде мемлекеттік аппараттың тиімділігі алғы шарттың бірі екенін алға тартты.

Тоқаев өз сөзінде әлемдегі күрделі саяси ахуалға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсіп жатқанын атап өтті. Дегенмен шешімін таппаған түйткілді мәселелерге де тоқталды. Әлемдегі тарифтік және санкциялық текетірестердің салдары жойқын болуы мүмкін екенін ескертті.

«Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады», – деді президент.

Оның сөзінше, ескеретін тағы бір жайт криптовалюта мен өзгеде цифрлық активтердің кең қолданылуы. Осы мәселеге байланысты арнайы стратегия керек екенін айта кетті.

28 қаңтарда Астанада Үкімет кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Осыған дейін президент ел экономикасының әлі күнге Ұлттық қор қаржысына тәуелді болып отырғанын айтқан.