Uzbekistan Airways Еуропаға Ресей мен Беларусьті айналып ұшатын болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Uzbekistan Airways Еуропаға Ресей мен Беларусьті айналып ұшатын болды
Uzbekistan Airways Еуропаға Ресей мен Беларусьті айналып ұшатын болды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Uzbekistan Airways компаниясының Еуропаға бағытталған рейстері Ресей мен Беларусьті айналып ұшатын болды. Шара Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) ұсынысы бойынша жасалған. Бұл туралы Kursiv Uzbekistan басылымына компанияның баспасөзі қызметі хабарлады.

Дегенмен компания маршруттың өзгеруіне Azerbaijan Airlines компаниясының Ақтау маңында апатқа ұшырауы себеп болмағанын атап өткен.

Қаңтар айының басында ЕASA ұйымы 31 шілдеге дейін Ресейдің әуе аймағынан батысқа қарай 60° қашықтықты айналып ұшуға кеңес берген. Ұсыныс EASA-дан ұшуға рұқсат алған шетелдік авиатасымалдаушыларға қатысты болған. Оның қолданылу мерзімі әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қайта қаралуы мүмкін екені де ескертілген.

Айта кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласының маңына Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы құлап, 38 адам қайтыс болды. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақтың құлауына Ресейдің әуе қорғаныс күштерінің қатысы барын айтып, өтемақы төлеуді талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әлиевтен «оқиға» үшін кешірім сұрады. Қылмыстық істі жүргізу құқығы Қазақстанға берілгенімен ұшақтың қара жәшігіндегі ақпаратпен Baza басылымы бөлісті. Қазақстан прокуратурасы бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз