Coca-Cola Еуропадағы өнімдерін кері қайтарып жатыр

Жарияланды 28 Қаңтар 2025 08:36

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Coca-Cola Еуропадағы өнімдерін кері қайтарып жатыр / фото: архив kursiv.media

Coca-Cola компаниясы Еуропаның кейбір елдерінде өз өнімдерін кері қайтарып жатқанын мәлімдеді. Себебі сусындардың құрамында хлорат химиялық затының «жоғары мөлшері» анықталған.

Компания Бельгия, Люксембург және Нидерландыдағы дүкен сөрелерінен өз өнімдерін қайтарып алу жұмысын бастап кетті. Ұлыбританияға осы партияның бес түрлі өнімі өткен жылдың соңында жеткізілген, бірақ олардың барлығы сатылып кеткені хабарланды.

Хлорат су мен тамақ өнеркәсібінде хлор негізіндегі дезинфекциялау заттарды пайдалану кезінде пайда болуы мүмкін. Coca-Cola өкілі Би-би-си арнасына берген сұхбатында: «Тәуелсіз сарапшылардың талдауы тұтынушыларға қауіптің өте төмен екенін көрсетті», – деп мәлімдеді.

Компания Ұлыбританияда тұтынушылардан ешқандай шағым түспегенін және бұл мәселеде ел билігімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынын жеткізді.

Алайда хлораттың деңгейі жоғары болуы денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе, бұл балалар мен нәрестелердің қалқанша безінің жұмысына зиян тигізуі ықтимал.

Соңғы зерттеулерге сүйене отырып, жоғары мөлшерде хлорат қосылған өнімдерді тұтыну жүрек айнуы, құсу, диарея, және қандағы оттегі тасымалдану қабілетінің төмендеуі сияқты жағымсыз әсерлер тудыруы мүмкін.

AFP агенттігінің мәліметінше, хлораттың жоғары деңгейі Бельгияның Гент қаласындағы Coca-Cola өндіріс орнында жоспарлы тестілеу кезінде анықталған. Компания сөрелерден сатылмаған өнімдердің көп бөлігін қайтарып алғанын және қалғанын қайтару жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз