Lifestyle

Қазақстанда алғаш рет футбол туралы «90+1» атты фильм шығады

Алғаш рет футбол туралы «90+1» атты фильм шығады / фото: kazakhcinema.kz

2025 жылы қазақстандық кино тарихында алғаш рет футболға арналған «90+1» атты фильм көрермендерге жол тартпақ. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы хабарлады.

Туынды жас футболшының арман жолындағы қиындықтарды жеңу тарихын баяндайды. Басты кейіпкер жас кезінен отбасының тірегіне айналып, өмірдің ауыр сынақтарынан өтеді. Өмірдегі қиын жағдайларға қарамастан, мақсатына жету үшін күреседі.

Фильмнің режиссері – Тимур Дулатов бұған дейін «Бизнес по-казахски» және «Әкім» сияқты жобаларымен елге танымал болды. Ал басты рөлдерді актер Қуаныш Керімқұлов пен Алмат Сақатов, сондай-ақ белгілі блогер Артур Асқарұлы сомдайды.

Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Картина тек футбол ойынының қызықты сәттерін көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салты мен мақсатқа ұмтылудың маңыздылығын насихаттайды.

Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали фильмнің негізгі мақсатын атап өтті:

«Бұл фильм тек футбол ойынының динамикалық оқиғасын көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар табандылық пен рухтың күшін дәріптеу үшін түсірілді. Фильмнің «Ешқашан берілме. Өзіңе сен» деген ұраны оның басты идеясын ашады: тек өзіңе деген сенім мен табандылық арқылы кез келген қиындықты жеңіп, арманыңа жете аласың».

Құрманбек Жұмағали футбол тақырыбын арқау еткен алғашқы қазақ фильмі көрермендер жүрегінен орын табатынына сенімді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық кино орталығы 2025 жылы 10 жаңа қазақстандық фильм прокатқа шығатыны туралы хабарлаған еді.